Бір аптада жол апатынан қырыққа жуық адам қаза тапты
Премьер-министр ауа райы бұзылған кезде республикалық және жергілікті маңыздағы жолдарда ІІМ қызметкерлерінің кезекшілігін ұйымдастыруды тапсырды
16-22 желтоқсан күндері Қазақстан бойынша тіркелген 104 автокөлік апаты 39 адамның өмірін қиған. Бұл туралы бүгін министрлер кабинетінің сейсенбілік отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Премьер-министр Асқар Мамин ауа райы бұзылған кезде республикалық және жергілікті маңыздағы жолдарда ІІМ қызметкерлерінің кезекшілігін ұйымдастыруды тапсырды.
«Өткен аптада ауа райына байланысты жолдағы жағдай нашар болды. Қар мен жаңбыр жауып, 11 облыста (БҚО, Ақөбе, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Қарағанды, Атырау, Ақмола, СҚО, ШҚО, Қостанай облыстары – авт) жолдар жабылды. БАҚ және СМС-хабарламалар арқылы жолға шықпау туралы ескертілді. Бірақ, осы ескертулерге қарамастан, көптеген жүргізуші жолға шығып кетті», - деді Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Тұрғымбаевтың мәліметіне сүйенсек, 16-22 желтоқсан аралығында 104 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 39 адам көз жұмған.
«Жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Болжамдарға сәйкес, алдағы уақытта ауа температурасының төмендеуі күтіледі. Осы ретте жолдағы жылыту және тамақтану пунктері дайын болуы керек. Өңірлердің әкімдіктері осы мәселені бақылауда ұстауы керек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Қазавтожол» компаниясы автожолдарды қардан тазарту үшін техниканы барынша тартып, ал ІІМ автожолдарда кезекшілік және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастырсын», - деп тапсырма берді Асқар Мамин.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан