1 қазан Радио қызметкерлерінің күні болып жарияланды
Қазақстанда радиохабар тарату тарихы 1921 жылдың қазан айында басталған болатын
1 қазан ресми түрде Радио қызметкерлерінің күні болып жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің хабарлауынша, бүгін, яғни 2021 жылғы 13 тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 1 қазан Радио қызметкерлері күні болып жарияланды.
«Бұған дейін, Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтау барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ радиосының 100 жылдығын мерекелеу аясында 1 қазанды Радио қызметкерлері күні деп жариялауды ұсынған болатын. Радио қызметкерлерінің кәсіби күні отандық радионы одан әрі дамытуға қосымша ынталандыру болады деп болжануда», - деп жазды Берік Уәли Facebook-парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда радиохабар тарату тарихы 1921 жылдың қазан айында басталған болатын.