Елордада қыркүйекте вакцина алғандар арасында екі бөлмелі пәтер ойнатылады

Ұтыс ойындары демеушілердің көмегімен өткізіледі

Биыл қыркүйек айында Нұр-Сұлтанда вакцина алғандар арасында екі бөлмелі пәтер ойнатылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Елордада жылжымайтын мүлікті осы жылдың 25 маусымы мен 31 тамызы аралығында вакцинаның бірінші компонентін алған 18 жастан асқан қала тұрғындары ұтып ала алады. Бұл ұтыс ойынына вакцинацияның барлық пунктінде екпе алғандар қатысады: медициналық мекемелер, СОО/СҮ. Ұтыс ойынына қатысу автоматты түрде жүргізіледі. Арнайы құжат толтырып, тіркелудің қажеті жоқ. Екі бөлмелі пәтердің ұтыс ойыны тікелей эфирде өтеді», - делінген әкімдіктің баспасөз хабарламасында.

Елорда әкімдігі вакцина алғандар арасында iPhone12 және басқа да құнды жүлделердің ұтыс ойынын апта сайын өткізіп тұратынын еске салады. Мысалы, 9 шілдеден бастап вакцина алғандардың арасында iPhone 12 телефонының 13 данасы, сол сияқты төрт тоңазытқыш, үш теледидар, екі планшет, үш микротолқынды пеш, бес принтер, екі бейнетіркегіш, кір жуғыш машина, Алиса ақылды колонкасы және ауаны ылғалдандырғыш ойнатылды.

Айта кету керек, ұтыс ойындары демеушілердің көмегімен өткізіледі.

«Вакцина алғандар арасында iPhone12 және басқа да бағалы сыйлықтардың кезекті алтыншы ұтыс ойыны 14 тамыз күні (сенбі) Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің әлеуметтік желілердегі (Facebook, YouTube) парақшаларында тікелей эфирде өтеді. Сондай-ақ, «MEGA Silk Way» СОО-дағы вакцинация пунктінде 23 маусым мен 31 тамыз аралығында вакцинаның бірінші компонентін алғандар арасында автомобиль ұтысы өтеді», - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, екпе алғандар арасында бағалы жүлделердің ұтыс ойыны өзге де СОО мен СҮ-лердегі вакцинация пункттерінде өтеді.

Birge (https://birge-elorda.kz/nur-sultan) платформасында ұтыс ойынының жеңімпаздарын анықтау үшін арнайы рандомайзер сервисі орнатылған. Оны әзірлеуге IT-қауымдастық қатысты. Екпе алғандар бойынша сервис ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесімен біріктірілген.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.