Елордада тұрғындарға су қоймалары мен судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді
Есіл өзенінің жағалауында құтқарушылар күн сайын тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр
Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жергілікті полиция қызметімен және жедел-құтқару жасағымен бірлесіп шомылуға рұқсат етілмеген орындарда рейдтер өткізді. Қала тұрғындарына суға түсу қағидалары түсіндірілді және жабдықталмаған жерлерде шомылудың қауіптілігі туралы ескертілді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Рейд кезінде демалушылармен судағы ережелерді сақтау, су қоймаларының жанында ішімдік ішуге тыйым салынатыны туралы айтылып, алдын алу жұмыстары жүргізілді. Құтқарушылар қауіпсіздік ережелерін бұзу Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 364, 412 және 440-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
«Суға түсіп, демалып жатқан азаматтарға жабдықталмаған орындарда шомылуға тыйым салынатыны және ішімдік ішпеу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сол сияқты, 2020 жылы және 2021 жылдың осы кезеңінде су айдындарында жазатайым оқиғалардың саны мен себептері туралы ақпарат жеткізілді, тиісті нұсқаулықтар көрсетілген жадынамалар табыс етілді», — деді елордалық ТЖД қызметкері Азамат Құсайынов.
Оның айтуынша, құтқарушылар полицейлермен бірге күн сайын Есіл өзенінің жағалауы мен су бетінде және басқа да су айдындарында патрульдер жүргізеді. Алдын алу жұмысына еріктілер мен қоғамдық қызметкерлер де көмектеседі, олар парақшалар таратып, жұртқа су маңындағы ережелерді түсіндіреді.
Құтқарушылар азаматтарды жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін судағы тәртіп пен қауіпсіздік шараларын білуге және міндетті түрде сақтауға шақырады.
Айта кету керек, рұқсат етілмеген жағажайлар шомылу үшін қауіпті, өйткені түбі тексерілмеген және айналасы дұрыс жабдықталмаған.