Сотталушы Таубаев Құлсарыдағы аурухана құрылысын уақытша тоқтатуды сұрады
Судья оның өтінішхатын қабылдамады
Атырауда облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Басаровқа қатысты сот процесі жалғасуда. Келесі отырыста Таубаев ...Құлсары қаласындағы модульдік аурухананың құрылысын уақытша тоқтату туралы өтініш білдірді. Ол осы нысан құрылысы кезінде, айыптау жорамалы бойынша, мердігерден қомақты пара алған, деп хабарлайды azh.kz.
Бұл «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» бағдарламасының менеджері Омар Әбдиевтің жауап алу кезінде болды. Адвокаттар мен сотталушы Таубаевтың сұрақтарына жауап бере отырып, Әбдиев 200 орындық аурухананы жақын күндері пайдалануға беру жоспарланғанын айтты.
- Басқа қалаларда мұндай ауруханалар бір ай ішінде салынды, ал бізде ол әлі пайдалануға берілмеді. Пайдалануға беру мерзімі қанша рет кейінге қалдырылды? - деп сұрады Таубаевтың адвокаты Мұратхан Амитов.
- Мерзімі екі рет қана кейінге шегерілді. Бұған бюджетті қайта мақұлдату, материалдарды жеткізу мерізімінің кешігуі, сондай-ақ, пандемия себеп болды. Бұл факторлар құрылыстың ұзап кетуіне үлкен әсер етті, - деп жауап берді Абдиев.
– Бұл аурухана әлі де қажет пе? - деп сұрады Таубаевтың адвокаттары.
- Иә, адамдарға бұл стационар қажет. Біз ғимаратты уақытша актімен тапсыра салысымен, коронавируспен ауыратын науқастар Теңізден және Құлсары қаласынан осы ауруханаға ауыстырылады. Стационар әзірге уақытша акт негізінде жұмыс істейтін болады.
- Сонда аурухана уақытша актімен жұмыс істейтін болғаны ғой. Неге? - деп сұрады Таубаев.
- Иә, ол Сарыөзектегі аурухана сияқты жұмыс істейтін болады.
Таубаев Әбдиевтен аурухана құрылысына ТШО-ның рұқсат құжаты бар ма, жоқ па деп сұрады. Әбдиев құжаттардың жоқтығын растады. Осыдан кейін Таубаев өтініші бар екенін айтты:
- Аурухана құрылысын уақытша тоқтатуды сұраймын, өйткені ол көптеген заң бұзушылықтармен салынып жатыр. Ол жерде өрт қауіпсіздігі дұрыс жұмыс істемейді. Егер өрт болса, кім жауап береді? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен прокуратура қызметкерлері бұл объекті тиісті құжаттарсыз салынып жатқанын білді, сондықтан оларға қатысты жеке сот қаулысын қабылдауыңызды сұраймын.
Жәбірленушінің өкілі, адвокат Женни Жұмалиева аурухана салынып қойғандықтан, өтінішті қабылдамауды сұрады.
- Сотталушы Таубаев, сот Сіздің өтінішіңізді орынсыз деп санайды, өйткені қазіргі коронавирусқа қатысты ушыққан жағдайда ауруханаларда орын жеткіліксіз. Бұдан басқа, сот құзырына аурухана құрылысын тоқтату туралы мәселені шешу кірмейді, өйткені біздің міндетіміз - сотқа дейінгі тергеу органдары сізді заңды түрде айыптап отыр ма, соны тексеру, - деп судья Зарема Хамидуллина түйіндеп, өтінішхатты қабылдамады.
Адвокат Жұмалиева куәгер Абдиевтен:
- Аурухана кім үшін салынған? – деп сұрады.
- Жылыой ауданының тұрғындары үшін және Теңіз кен орнында вахталық әдіспен жұмыс жасайтындар үшін.
Абдиевтің айтуынша, жаңа Құлсара ауруханасына пациенттерді қабылдау үшін барлық жағдай жасалған.