«Алматы-Ташкент» жолында 80 адам құтқарылды
«Алматы-Ташкент-Термез» жолында жолаушылар автобусы, сондай-ақ жолаушылары бар жеңіл көліктер қар құрсауынан шығарылды
Өткен түнде «Алматы-Ташкент-Термез» жолында қар құрсауында қалып қойған 80 адам құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Өткен түнде жол қызметтерінің күшімен «Алматы-Ташкент-Термез» жолында жолаушылар автобусы, сондай-ақ жолаушылары бар жеңіл көліктер қар құрсауынан шығарылды. Олар аталған жол учаскесі жабылғанға дейін сапарға шыққан көліктер. 593-632 шақырым аралығында автокөліктердің қозғалысы қиындаған», - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, жолдан шығып кеткен осы автобусқа көмек көрсетілді. Бұл оқиға салдарынан жолаушылар зардап шекпеді.
«Автобустың 36 жолаушысы мен жеңіл көліктерде болған 44 адамды жолды пайдалану учаскелерінің, «Қазақавтожол» ЖШС, «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ қызметкерлері сол маңдағы Түркістан облысындағы Шақпақ баба елді мекеніне жеткізілді», - деп атап өтілген өткен компания мәліметінде.