Қазақстанның бес өңірінде карантин талаптары күшейтілді
«Ашық» жобасына қатыспайтын кәсіпорындар жұмысы тоқтатылады

Бүгіннен бастап Қазақстанның 5 қаласында карантин талаптары күшейтілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау мен Қарағанды қалаларында «Ашық» жобасына қатыспайтын кәсіпорындар жұмысы тоқтатылады. Ал аталған жүйеге тіркелгендер кешкі 20:00-ге дейін қызметін жалғастыра алады. «Ашық көшбасшылары» мәртебесіне ие нысандарға түнгі 22:00-ге дейін келушілерді қабылдауға рұқсат беріледі.
Сондай-ақ бүгіннен бастап мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің 80 процентін қашықтан жұмыс істеуге көшіруге міндетті. Дегенмен әкімдіктер, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау мекемелері, бұқаралық ақпарат құралдары, дәріхана, азық-түлік дүкендерінің жұмысына рұқсат етілген.
Ойын-сауық, спорттық, өзге де бұқаралық іс-шаралар мен отбасылық жиындарды өткізуге тыйым салынады.