Жазушы соңғы жазбасында белгілі тележурналистен жеке басына тіл тигізбеуді сұраған
29 шілде күні Түркістан облысында елімізге белгілі жазушы Аягүл Мантай өз-өзіне қол жұмсады. Жазушының құрбысы Бану Оңдасынованың айтуынша, белгілі тележурналист, қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызының жазбалары Аягүлді күйзеліске түсірген.
Аягүлдің Facebook желісінде жариялаған соңғы жазбасын Сәуле Әбілдаханқызына арнаған көрінеді. Бірақ, бірнеше сағаттан кейін аталған жазба жазушының парақшасынан өшірілген. Редакция тілшісі адвокат Ләззат Ахатовадан соңғы жазбаның көшірілген нұсқасын сұрап алды. Онда Аягүл тележурналист Сәуле Әбілдаханқызынан жеке басына тіл тигізбеуді өтінеді.
«Егер жеке басыма әлеуметтік желіде ашық не астарлап тиіссеңіз, сотта кездесеміз. Әлеуметтік желіде мені «қаншық, ібіліс» деп жазатындай, елге масқаралайтындай сізге кім құқық берді, апай? Әлеуметтік желіде бүкіл жұрттың көзінше жеке басыма тіл тигізгеніңіз үшін сізді халықаралық сотқа беруіме болады. Сосын әлеуметтік желіде мені «өтірікші», «суайт» деп айыптауға сізге кім құқық берді? Айтқыңыз келе ме, жекемде айтыңыз. Өтінем, апай, осы постпен бір-біріміздің жанымызды жараламай тоқтайық. Сұлу адамға қашанда биіктік тән. Бәлкім, мен биік бола алмаған шығармын, сіз биік қалпыңызда қалыңызшы», - деп жазған Аягүл Мантай соңғы жазбасында.
«КІНӘЛІ АДАМ ЖАЗАСЫН АЛУЫ КЕРЕК»
Түркістан облысының полицейлері жазушының жұмбақ өліміне қатысты «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
«Аягүлдің жақындары оның мезгілсіз өлімінен кейін әлі де есін жия алмай отыр. Әлеуметтік желіде халық «неге бұлай болды?» деп шулап жатыр. Бірнеше күн бұрын facebook парақшасында Сәуле Әбілдаханқызы Аягүлге қатысты жазба жариялаған болатын, біз ол кісіге хабарласып, жазбасын алдырып тастадық. Соңғы сол жағдайлар Аягүлдің өліміне тікелей әсер етті. Туыстары әлі де арыз жазуға қатысты екіойлы болып тұр, әзірше нақты шешім қабылдамады. Қазір мән-жайдың бәрін қағазға түсіріп жазып жатырмыз, жақын арада желіге жариялаймыз», - деді Бану Оңдасынова.
Аягүлдің өліміне қатысты қаулының көшірмесін адвокат Ләззат Ахатова бүгін таңда алғанын мәлім етті.
«Аяның өліміне бүкіл қоғамды кінәлаудың қажеті жоқ, жап-жас қыз жайдан-жай өзіне қол салған жоғын, мәселенің неден ушыққанын ел көріп, бірнеше күннен бері оқып отыр... Кінәлі адам жазасын алуы керек. Себебі әлеуметтік желіде аузына келгенін айту арқылы адамды өлімге дейін жеткізетін осындай тұлғалар бар. Олар кез-келген адамның намысына тиіп, өмірден түңілдіретін жағдайға жеткізетінін көріп жүрміз. Басымыздан да өтті. Енді міне, кибербуллинг салдарын да көрдік, бір адам өмірмен қоштасты. Жай адам емес, болашағынан үлкен үміт күттірген жас жазушы. Тергеуші Қылмыстық кодекстің 105-ші бабының 1-ші тармағымен, яғни, өзін өзі өлтіруге итермелеу бабымен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қаулыны бүгін қолыма алдым», - деді Ахатова.
Ләззат Ахатова мен құрбысының Azattyq Rýhy тілшісіне берген пікірлері Сәуле Әбілдаханқызына сұрақ ретінде жолданып, журналист оған жауабын берді.
«Ләззатқа не керек? Пиар керек.... қазадан, біреудің трагедиясынан пиар жасауға бейім адамдар отқа май құйғыш келеді..... заңгер басымен өз болжамын, өзгелердің болжамын публично жариялап отырса, ондай заңгерден безу керек..... Әруақты сыйлайық.....», - деп жауап берді журналист.
КИБЕРБУЛЛИНГ және ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ШУЛЫ ОҚИҒАЛАР
Кибербуллинг – адамды интернетте, әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлерде қорқытып, зорлық көрсету. Кибербуллингке кез-келген адам тап болуы мүмкін. Бірақ бұл тәсілмен шабуыл жасайтындар негізінен кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларын нысанаға алады. Өйткені, қорғансыз балалар қорыққанынан өзіне қысым жасалып жатқаны туралы ешкімге айтпайды. Тіпті, ата-анасы мен жақындарына тіс жармай, шабуылшының айтқанынан шықпайды.
Өкінішке қарай, Қазақстанда кибербуллинг құрбандарына қатысты статистикалық мәліметтер жүргізілмейтін болып шықты. Сондықтан кибербуллинг құрбандары туралы сөз қозғағанда, біз ешқандай ресми деректерге сүйене алмаймыз. Еліміздегі кибербуллингтен қорғану туралы кодексті мамандар Ресей мен Ұлыбритания тәжірибесі негізінде жасаған.
Ал Қазақстандағы көпшілікке танымал кибербуллингке келетін болсақ, өткен жылы белгілі продюсер Дана Орманбаева өзіне «кәнден» деп тіл тигізгені үшін блогер Жанна Ахметованы сотқа берді. Сот Жаннаны кінәлі деп танып, 1 389 000 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді.
«Саясатсыздық пен пассивтілік - бұл біздің халқымыздың мәдени кодексінің бөлігі», - дейді Exclusive басылымына берген сұхбатында Дана Орманбаева.
«Аға ұрпақ бізді әлі күнге дейін «тыныш отыр» деп басып келеді. Біз генетикалық тұрғыдан күресуші емеспіз. Тек жер үшін күрес қана болмаса, бірақ оның өзі қазір стратегиялық күреске, көзге көрінбейтін үлкен жауға айналды емес пе?! Ал кішігірім қарсыласқа төтеп беруге дағдыланбағанбыз, қазіргі құқықтық өріс - күрестің өзгерген түрі. Сондықтан біздің азаматтар сотқа жүгінгенді ұнатпайды, процеске қатысқысы да келмейді. Олар үшін куәгер ретінде бару, «сот» ұғымының өзі қорқынышты болып көрінеді. Мен сотқа өзім үшін емес, адамдар ертең әділдіктің салтанатын іздеуден қорықпайтындай прецедент жасау үшін бардым. Қолсұғушылық – бұл біздің «тыныш» деп үйренген мәдени кодтың нәтижесі. Егер біреу бірдеңе бүлдірсе, оған күш-қуатыңды жұмсамай, өз жөніңмен жүр дейміз. Меніңше, күшің мен назарыңды, уақытыңды жұмсау қажет. Қарапайым ғана құндылықтарды сақтау қоқысқа орамаларды тастаумен өлшенбейді, ол әлеуметтік қоғамға немқұрайлылық танытпау. Және біз сол қоғамда өмір сүретінімізді ұмытпауымыз керек», - деді Дана Орманбаева.
Айта кететіні, өткен жылдың қыркүйек айында әнші Жанар Хамитова отандық телеарналардың біріне берген сұхбаттан соң, бірнеше күнде туған үйінде өзіне қол жұмсады. Әншінің өнердегі әріптестері оның өліміне қоғам тарапынан болған түрлі қауесеттер мен пікірлер себепші болғанын алға тартты. Аягүлдің өзі де Жанарға қатысты жазба қалдырып, оны қорғай алмағанымызға өкінішін жеткізген болатын.
«Жанар (Хамитова) туралы көп ойлаймын. Ойламайын десең де, санаңның бір түкпірінде тұрады. Оны өмірде көргенім жоқ. Араласқаным жоқ. Бірақ жаныма жақын. Əлде жалғыздығын, жалғыздығының тым терең екенін түсінген шығармын. Жанар секілді адамда дос көп болмайды. Көп адаммен араласса да, жалғыз болады. Шынайы адамдардың жаны тым нəзік болады. Шынайы адамдар депрессияға жиі түседі. Фрейд неге танымал психолог болды? Бір ғана себебін айтайын. Ол да жиі депрессияға түсті, жаны тыныштық таппады, депрессиядан шығудың жолын іздеді. Сосын тәжірибесін өзгелермен бөлісті. Ол депрессияға түсіп қиналмаса, депрессиядан азап шеккен адамды түсінбес еді. Біздегі көптеген психологтарды жаттап алғанын зуылдатып айтып беретін «сөйлейтін бас» деп түсінем. Сенің де солай түсінгеніңе күмəнім жоқ. Сенің интеллектің жоғары болмаса, сенің жаның қиналмас еді. Сені қоғам өлтіріп тастады. Сенің нəзік жаның ауыр сөздерді көтере алмады. Шынайы адамның жаны тым нəзік болады. Тым жараланғыш болады. Жаның енді тыныштық тапты ма, нəзігім? Жанар... сен өз өліміңмен жасанды қоғамның, жасанды адамдардың, біреудің тағдырын талқыға салатын тобырдың бетіне түкіріп кеттің. Сен шынайы едің! Ал шынайы адам биік болады. Сен өз биігіңде қаласың. Жалғыздығы терең адам біреуді жақсы көрсе - шын жақсы көреді, рас, жек көрсе - шын жек көреді», - деп жазған Аягүл желідегі парақшасында.