Түркістанда жолақы қымбаттауы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Жолаушы тасымалдаушы мекемелер билет құнын 70 теңгеге көтеру жөнінде қалалық әкімдікке өтініш жазған

Түркістан қаласында жолақы қымбаттауы мүмкін. Жолаушы тасымалдаушы мекемелер билет құнын 70 теңгеге көтеру жөнінде қалалық әкімдікке өтініш жазған.

Қазіргі уақытта жолақы құны - 50 теңге. Алайда шаһардағы қоғамдық көліктердің дені ескі, әбден тозған. Жүру мерзімі де аяқталған. Сондықтан тасымалдаушы мекеме қазіргі тарифпен қоғамдық көліктерді жаңарта алмайтынын айтады.

«Біздің табысымыз жүргізушінің жалақысы мен күнделікті жанармайынан артылмайды. Ал жаңа автобус сатып алу үшін қаржы керек. Сондықтан билет құнын көтеруді сұрап отырмыз»,-дейді жүргізушілер.

Ал қалалық әкімдік жолақы құны көтерілген жағдайда, тасымалдаушы тарап көліктерін жаңартуы тиіс екенін ескертіп, талап қойды.

«Қазір 270 қоғамдық көлік болса, соның 120-сы - шағын автобус. Олардың да көбі әбден ескірген», - дейді қала әкімінің орынбасары.

Егер әкімдіктің талабы орындалмаған жағдайда, келісімшарт бұзылатынын жеткізді. Қазір ұсынысты қалалық маслихат депутаттары қарап жатыр. Заң бойынша соңғы сөзді солар айтады.

 

Дереккөз: «Хабар 24»