ШұғылӨткен тәулікте 3000-ға жуық адамнан КВИ анықталды

«Олимпиада чемпионындай қарсы алды»: Елдос Сметовке су жаңа автокөлік сыйға тартылды

Токио Олимпиадасында Қазақстан қоржынына алғашқы медаль салған Елдос Сметов елге оралды

Токио Олимпиадасының қола жүлдегерін иеленген дзюдошы Елдос Сметов бүгін Елорда уақытымен таңғы 4:20-да Алматыға ұшып келді. Әуежайда спортшыға су жаңа автокөлік сыйға тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Оян, Qazaqstan!» бағдарламасына сілтеме жасап.

Күтіп алушылардың арасында спортшының тұңғыш бапкері де болды. Шәкіртінің жетістігіне қуанған жаттықтырушы Елдос Сметовты қарсы алған сәтінде көз жасына ерік берді.

«Нағыз чемпион осы кісі. Менің алғашқы жаттықтырушым. Мені спортта өзінің кішкентай баласындай алақанында ұстап өсірген бапкерім», - деді Елдос Сметов.

Әуежайда екі дүркін олимпиада жүлдегерінің құрметіне орай шашу шашылып, тіпті су жаңа автокөліктің кілті сыйға тартылды.

«Олимпиада өте керемет жақсы өтті. Залдың бос болғаны біз үшін ыңғайысыз болды. Ең қиын болған белдесу ол – ақтық сайысқа жолдама берілетін финалдық белдесулер. Осылай бұйырып тұр екен. Осының өзіне қуаныштымын. Менің елім, жерім, халқым «Үшінші орынды» бірінші орын ретінде қабылдап, мені олимпиада чемпионы ретінде күтіп алды», - деді Елдос Сметов.

Қазір Қазақстанның қоржынында үш қола медаль бар. 24 шілдеде дзюдошы Елдос Сметов алғашқы жүлдені алса, екеуін ауыр атлеттер – Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло алып берді.