Ұжымдық иммунитет қалыптаспаса, құрылыс жұмыстары тоқтатылады – Алтай Көлгінов
Әкім тұрғындарды екпе алуға шақырды
Елорда әкімі Алтай Көлгінов ұжымдық иммунитет қалыптаспаса, құрылыс жұмыстары тоқтатылады деп жазды Instagram-дағы парақшасында.
«Қала тұрғындары күн сайын жолда, жұмыста, туыстарымен және т.б. адамдармен араласады. Өкінішке қарай, бәрі бірдей қауіпсіздік шараларын сақтай бермейді. Санитарлық нормаларды және өзін-өзі қорғаудың қарапайым тәсілдерін сақтамау қатерге бас тігумен тең. Мұндай жағдайда адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнеді, - деді әкім.
Әкім вакцинан алу түрлі қауіп-қатерден сақтайтынын баса айтты.
«Бәріңізді шұғыл түрде екпе алуға шақырамын. Вакцинация ғана сізді және отбасыңызды реанимациядан, аурудан кейінгі оңалту курсынан, антибиотиктер мен өзге де ауыр дәрі-дәрмектер қабылдаудан сақтайды. Вакцинацияның маңызын елордадағы құрылыс компанияларының өкілдерімен де талқыладық. Биыл жұмыс көп. Қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі, оқу орындардың, әлеуметтік нысандардың құрылысы және т.б. артпақ. Алайда ұжымдық иммунитет қалыптаспаса, құрылыс жұмыстары тоқтатылады. Вакцинация арқылы ғана ұжымдық иммунитетті дамыта аламыз», - деді Көлгінов.