ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 140 адамнан COVID-19 вирусы анықталды

Ұсынылған үш нұсқа да шикі – Тоқаев латын әліпбиі жайлы

Президент латын әліпбиіне қатысты ұсыныстарды әлі жетілдіру керек деп есептейді

Фото: akorda.kz

Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІ отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиіне көшуде асығыстық танытуға болмайтынын айтты.

«Жаңа әліпбиді енгізу бойынша барлық тиісті аспектілер бойынша талдау жүргізу қажет. Ұсынылған үш нұсқа да әлі шикі, кемеліне жетпеген. Бұл мәселені ғылым тұрғысынан қарау керек. Бұл жай кирилл алфавитін латын әліпбиіне көшіре салу деген емес. Қазақ тілін реформалау қажет, тілімізді жаңғырту керек. Ғалымдарымыздан пікір күтеміз. Тағы да қайталап айтамын, ұлт тағдыры үшін мұндай шешуші мәселеде атүсті қарауға болмайды», - деді Қ. Тоқаев.

Мемлекет басшысы латын әліпбиіне көңілі толмайтынын бұған дейін де айтқан. 21 қазанда twitter желісінде жазған жазбасы соған дәлел.

«Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек. Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға тиісті тапсырма бердім. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр», - деп жазды мемлекет басшысы.