$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.12.2019, 16:20
Жаңалықтар

130-баптағы «жала жабуды» декриминализациялау керек – Тоқаев

Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІ отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жала жабу бабының жазасын жеңілдету туралы айтты

130-баптағы «жала жабуды» декриминализациялау керек – Тоқаев
фото: Батыржан Беспаев

«Баяғыдан бері талқылап, қоғамда қызу пікірталас тудырып келе жатқан тағы бір маңызды мәселе - бұл Қылмыстық кодекстің жала туралы 130-бабы. Ұлттық кеңестің бірінші отырысында да бұл мәселе көтерілді. Бұл бапты декриминализациялау ұсынылды. Дегенмен, байыпты қарсы аргументтер де бар. Кейбір қоғам мүшелері, тіпті құқық қорғаушылар Қылмыстық кодексте бұл норманы сақтауды жақтап отыр. Өйткені, әңгіме адамның құқығын қорғау, оның абыройы мен ар-намысын сақтау жайында болып отыр. Өз кезегінде, кейбір мемлекеттік органдар 120-баптың бірінші тармағына ғана өзгертулер енгізуді ұсынады», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қылмыстық кодекстің 130-бабын өзгерту мәселесіне Ұлттық кеңестің мүшелері мен мемлекеттік органдардың өкілдерінің қатысуымен бірнеше талқылау болған.

«Барлық ұстанымдарды және бұл мәселенің ерекшеліктерін сараптау қорытындысы мен Қылмыстық кодекстің 130-бабын декриминализациялау және оны Әкімшілік кодекске ауыстыру туралы шешім қабылдадым. Бұған қоса, өзге адамдардың құқығына кепіл беру және оларды жала өсек пен орынсыз айыптаулардан қорғау үшін жауапкершіліктің жоғары шараларын сақтау қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Одан бөлек, Тоқаев Ұлттық кеңестегі баяндамасында Қылмыстық кодекстің тек 174 бабына байланысты арнайы тоқталды.

«Біз Қылмыстық кодекстің 174 бабына қатысты шешімге келе алдық. Сол бапты гуманизациялау ұсынылуда. Мысалы, ондағы «қоздыру» деген сөзді «арандату» деген сөзге ауыстыру керек», - деген.

Қолданыстағы заңның 174-бабы қазір «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» деп аталады.

Бұған дейін белгілі заңгер, адвокат Айман Омарова Президентпен кездесуінде Қылмыстық кодекстің 130-бабының қылмыстық мазмұнын өзгерту және 174-бабына түзетулер енгізу туралы ұсыныс жасаған еді.

Серіктес жаңалықтары