Самал Еслямоваға уәде еткен пәтер көктемде беріледі – СҚО әкімдігі
Әкімдіктің хабарлауынша, қазір баспанада әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр
Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі 71-ші Канн фестиваліндегі «Үздік әйел рөлі» номинациясының жеңімпазы Самал Еслямоваға Қызылжар өңірінің әкімі Құмар Ақсақалов уәде еткен үш бөлмелі пәтер әлі күнге берілмегендігі туралы жазған болатын. Аталған мәселеге қатысты Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ресми жауап берді.
«Бүгінгі таңда Самал Еслямоваға берілетін 3 бөлмелі пәтердің құжаттары әзірлену үстінде. Қазір аталмыш баспанада әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жуық арада сұрақ шешіледі», - делінген редакциямызға Петропавлдан жеткен хабарламада.
Актриса Самал Еслямова бұл мәселеге түсіністікпен қарайтынын, облыс әкімі берген уәдесінде тұратынына сенімді екенін жеткізді.
«Қалалық әкімдік мамандары жаңа пәтер көктемде берілетінін айтты. Менің оларға ешқандай шағымым жоқ», - деді Самал Ілиясқызы.
Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі бұл мәселені өз бақылауына алғандығын хабарлаймыз.
Оқи отырыңыз: СҚО әкімі уәде еткен пәтерді әлі алған жоқпын – Самал Еслямова
Самал Еслямова 2011 жылы Ресейдегі Театр өнері институтының актерлық факультетін тәмамдаған. Ол 2008 жылы Сергей Дворцевойдың «Тюльпан» фильміне түсіп танымал болған еді. Қазақ даласындағы шопандардың өмірі туралы түсірілген фильм Канн фестивалінде «Ерекше көзқарас» номинациясын жеңіп алған.
Кейінірек тағы сол Дворцевойдың «Айка» фильміне түскен Самал 2018 жылдың мамыр айында 71-ші Канн кинофестивалінде «Ең үздік әйел ролі» номинациясын жеңіп алды. Аталған кинокартинада актриса Мәскеудегі қырғыз гастарбайтерінің ролін сомдайды.
2018 жылдың қараша айында Самал Еслямоваға ҚР Президентінің стипендиясы тағайындалды. Ал, желтоқсан айында ол өнер саласына Еңбегі сіңген қайраткер атағын алды.