Министр «Славян базары» жеңімпазына қанша қаржы бөлінгені туралы айтты
Витебск қаласында өткен «Славян базары» байқауында ел намысын қорғаған әншіге министрлік қолдау көрсеткен
ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова онлайн баспасөз конференциясында «Славян базары» байқауының жеңімпазы Рухия Байдүкеноваға қанша ақша бөлінгенін хабарлады.
Қазақстандық жас өнерпазды жеңісімен құттықтаған министр Ақтоты Райымқұлова оған жеңісі үшін алғыс айтты.
«Жеңісің үшін рахмет! Жас болсаң да, өте дарындысың. Министрлік Рухияға сахналық 4 костюм, 4 әнінің аранжировкасын жасауға қол ұшын берді. Осы мақсатта 1 млн 200 мың теңге бөлінді. Рухия ел үмітін ақтады», - деді министр.
Еске салсақ, Витебск қаласында өткен «Славян базары» байқауында отандасымыз жеңімпаз болды. Ол Талдықорған қаласындағы Өнер мектебінде вокал бойынша 7 жыл білім алған. Қазір Қазақ ұлттық өнер университетінде оқып жатыр.