Қытайда жаңа дерт: маймыл вирусынан бір адам қайтыс болды
Ол екі приматты емдеген

Қытайда маймыл вирусынан алғашқы адам өлімі тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Global Times-қа сілтеме жасап.
«Пекиннен келген 53 жастағы ветеринар қайтыс болды. Наурыз айының басында ол приматтардағы эксперименттік зерттеу жұмысының аясында екі өлі маймылды зерттеген. Бір айдан кейін ветеринар ауырып, жүрегі айныған, артынша құсып, дене температурасы қызған. Науқас 27 мамырда қайтыс болды.
Зерттеу ветеринардың маймыл вирусын (BV) жұқтырғанын растады. Бұл жағдайға дейін Қытайда маймыл инфекциясынан немесе клиникалық айқын инфекциялардан болатын өлім-жітім тіркелген жоқ», - делінген хабарламада.
Ветеринардың туыстары мен жақындарында маймыл вирусы анықталған жоқ.
1932 жылы алғаш рет оқшауланған бұл вирус түрі маймылмен тікелей байланыс арқылы жұғуы мүмкін. Одан болатын өлім-жітім деңгейі 70-тен 80 пайызға дейін. Қытайда аталған жағдайдан кейін зертханалық макакаларды бақылауды және ветеринарларды қорғауды күшейту қолға алынды.