Алматыда «Тойота Камри» ұрлайтын күдіктілер ұстала бастады
Қалада жыл басынан бері 17 Toyota маркалы автомашинаның ұрланғаны туралы арыз түскен
Алматы полициясы «Тойота Камри 70» автокөлігін Қырғызстан асырмақ болған күдіктіні ұстады. Қала тұрғындарының бірі Бостандық ауданы полиция басқармасына 17 желтоқсанда көлігінің ұрланғанын айтып, арыз жазған. Көлік ұрлығы бойынша ҚР ҚК 200 бабымен іс қозғалып, іздестіру шаралары жүргізілген. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі Алматы қалалық ПД Баспасөз қызметіне сілтем жасап хабарлайды.
«Тәртіп сақшылары 19 желтоқсан кештұрым көлікті айдап әкеткен күдіктінің жолын кесті. Ол жәбірленушінің танысы екені белгілі болды. Көлік иесінің сеніміне кіріп, автокөліктің кілтін ұрлап шыққан азамат «камриді» Қырғызстанға апарып сатпақ болғанын мойындады», - дейді Бостандық ауданы полиция басқармасының басшысы Дәурен Өтебаев.
Күдікті Алматы-Тараз тас жолының бойында ұсталған. Ол Мерке ауданына автокөлікті жалған мемлекеттік нөмір тағып, жеткізбек болған. Жамбыл облысының полиция департаментімен біріккен операция барысында табылған автокөлік иесіне қайтарылды. Бөтеннің мүлкін иеленбек болған азамат 1995 жылы туған. Қазір ол Алматы қалалық ПД уақытша оқшаулау изоляторына қамалды. Тергеу жүріп жатыр.
Айта кету керек, осыдан екі күн бұрын Алматы қаласының бір топ тұрғыны Toyota Camry автокөліктерінің жаппай ұрланып жатқанын айтқан болатын. Шағымданушылар соңғы айларда қалада 10-нан астам люкстік Toyota Camry көлігінің қолды болғанын мәлімдеген. Ал қалалық полиция депараменті жыл басынан бері Алматыда 17 Toyota маркалы автомашинаның ұрланғаны туралы арыз түскенін, оның 11-і табылып, иелеріне қайтырлғаны туралы мәлімет таратты.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы