Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ташкентте екіжақты кездесулер өткізді
Келіссөздер барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады
Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ташкентте бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ташкентте өтіп жатқан «Орталық және Оңтүстік Азия: аймақтық өзара байланыс. Сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» атты халықаралық конференцияға қатысу шеңберінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Сауд Арабиясы Корольдігінің Сыртқы істер министрі Фейсал бен Фархан Аль Сауд, Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Тери Хакала, ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И, Үндістан Сыртқы істер министрі Субраманиян Джайшанкар және Түрікменстан Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары - Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен екіжақты бөлек кездесулер өткізді.
«Келіссөздер барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары мен көпжақты құрылымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды талқылады. COVID-19 індетіне қарсы күресте күш-жігерді біріктіруге және Ауғанстандағы жағдайға ерекше назар аударылды», - делінген ҚР СІМ баспасөз хабарламасында.
Сондай-ақ министр Мұхтар Тілеуберді өңірдің сыртқы саяси ведомстволары мен халықаралық ұйымдардың басшылары, ғылыми және сарапшылық топтардың өкілдерімен бірге Орталық Азия Халықаралық институтының ресми ашылу рәсіміне қатысты. Олий Мажлис Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева іс-шараға қатысушыларға Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёевтің жолдауын оқып берді.