Құрбандық шалудың онлайн тәсілі биыл да жүзеге асырылмақ
Құрбан шалушылар өңірдегі ҚМДБ-ның call-центріне қоңырау шалу арқылы жазылады
Биыл Құрбан айт мерекесінің бірінші күні 20 шілдеге түсіп отыр. Тиісінше арапа 19 шілдеге сәйкес келеді. Сондай-ақ, 20 шілде күні республика бойынша таңғы сағат 07.00-де қатаң санитарлық норма талаптарын сақтай отырып, аймақтарда 10-минуттық Құрбан айт намазы оқылады. Бұл туралы еліміздің бас мүфтиі Наурызбай Қажы Тағанұлы ОКҚ-да өткен брифингте мәлімдеді.
Дегенмен, «қызыл» аймақта Құрбан айт намазын оқу жергілікті санитарлық мемлекеттік бас дәрігердің Қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
Ал құрбан шалу рәсімін екі түрлі тәсілмен өткізуге мүмкіндік бар.
«Бірінші жолы: мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып «сары» және «жасыл» аймақтарда онлайн және офлайн форматта өткізу. Екінші жолы: еліміздің «қызыл» аймақтарында бүгінгі пандемия жағдайында құрбан шалушыға қолайлы жағдай жасау және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында өткен жылдың тәжірибесін қолданып, құрбан шалу рәсімін шариғаттағы «өкілдік» қағидасына сәйкес qurban2021.kz сайты арқылы тек онлайн режимде жүзеге асыру», - деді КМДБ төрағасы.
Онлайн форматта құбандық шалуды жүзеге асыратын qurban2021.kz сайты бүгіннен бастап айттың үшінші күні, яғни 22-ші шілдеге дейін жұмыс жасайды.
«Сайт арқылы азаматтар соятын мал түрін таңдап, жергілікті жерін анкетаға енгізгеннен кейін онлайн түрде тапсырыс бере алады. Ал құрбандыққа шалынған малдың еті түгелдей мұқтаж жандарға таратылатын болады.
Былтыр құрбан шалған азаматтарға малының шалынғаны, етінің мұқтажға жеткеніне дейін есеп берілген еді. Фото есеп, қажет болса видеоға дейін атын атап түсірілді. Биыл да бұл жағы сақталады. Кімге фото есеп керек болса, ұялы телефонына жібереміз», - деді ҚМДБ Бас муфтиінің орынбасары Ершат Оңғар.
Ал оффлайн форматтағылар үшін арнайы тізім жасалып, құрбан шалуға ниетті тұлғалар кезекке тұрып, қасапханаға барудың нақты уақыты белгіленеді.
Құрбан шалушылар өңірдегі ҚМДБ-ның call-центріне қоңырау шалу арқылы жазылады.
«20 шілде күні сағат 07:20 дан бастап Сары, Жасыл аймақтағы өңірлердегі алдын ала жазылған тұлғалар белгіленген уақытта әкімдік тарапынан бекітілген арнайы орынға барып құрбан шалады. Кезек әрбір адамға 1 сағат уақыттан беріледі. Сондай-ақ қазіргі уақытта бас қалалардағы қасапханаларда «ASHYQ» мобильді қосымшасы орнатылмақ. Сол бағдарламаның көмегімен қасапханаларға кіру мүмкін болады», - деді Ершат Оңғар.
Әсел Орышбекова, Нұр-Сұлтан