Шымкентте COVID-19 вирусын жұқтырғандардың көбі жүкті әйелдер
Соңғы аптада қалада жедел жәрдем қызметін шақырушылар саны 3 есеге артқан

Шымкентте соңғы аптадан бері эпидемиологиялық ахуал өте күрделі болып тұр. Бұл туралы қаланың бас дәрігері Бақытжан Позилов айтты. Бұрын күніне 40-50 науқас коронавирус жұқтырып, ауруханаға түссе, дельта штамы пайда болғалы індет жұқтырғандар күрт өскен. Қазір науқас саны күніне 300-ге дейін жетіп отыр. Көбі жүкті әйелдер, деп хабарлайды Otyrar.kz.
«Бізде қазір 1979 төсек орын бар. 1096 адам ауруханада жатыр. Оның көбі жүкті әйелдер. Жүкті әйелге вакцина салмайды ғой. Ал оларға ауруды жұқтырып отырған жолдасы немесе туған-туыстары болып тұр. Бұл туралы біз бірнеше айдан бері айтып келеміз, үйіңізде жүкті әйел болатын болса, міндетті түрде жақындары вакцина салу керек», - дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов.
Соңғы аптада жедел жәрдем қызметін шақырушылардың саны да 3 есеге артыпты. Ең қиыны тұрғындардың көбі өз бетінше емделіп, ауруханаға уақытылы келмей, асқындырып алады екен. Сондықтан да өлім көп тіркеліп жатыр. Ал коронавирус жұқтырып, емделіп жатқандардың 90 пайызы вакцина алмағандар.
«Ауруханаға жатқандардың басым бөлігі вакцинаның бірінші және екінші компонентін алмағандар. Науқастардың ішінде бірінші компонентін алғандар бар. Екінші компонентін алып үлгермей ауруханда жатқандар. Ал екі компонентін де алып ауырған адамдар тіркелген жоқ. Және соңғы кезде жастар өте көп қайтыс болып жатыр. Тұмау белгісі болса, температура көтерілсе үйінде емделмей бірден жедел жәрдем шақыру керек», - дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов.