Петропавлда мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің төбесінен су ағып жатыр
Көпқабатты баспана «7-20-25» бағдарламасы бойынша 2019 жылы халық игілігіне берілген
Петропавлда сапасыз құрылыс сыр берді. Жаңадан бой көтеріп келе жатқан «Жас өркен» ауданында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің төбесінен аққан су тұрғындарды әбігерге салды.
Шамадан тыс ылғалдың кесірінен жоғарғы қабаттағы пәтерлердің қабырғалары сыз тарып, сылағы түсе бастаған.
«Мұндай жағдай былтыр да болды, медігер компания төбедегі жарықты жамап қойды. Биыл тағы сол жер жарылып кетті. Үй іші қатты жауында шалшыққа айналады. Кеше 2 шелек су төктік. Бұл біз үшін үлкен қолайсыздық тудырады. Менің кішкентай балаларым бар, олар үшін алаңдаймын. Электр сымдарынан тоқ соқса не болады»,- дейді көпқабатты үй тұрғыны Ербол Айдаров.
Көпқабатты баспана «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы бойынша 2019 жылы халық игілігіне берілген. Кепілдік мерзімі – бір жыл. Құрылысты «Основание» серіктестігі жүргізген болатын. Компания жұмысшылары шатырды жөндеуге кірісті. Алайда өз айыбын мойындамады.
«Құрылыс материалдары ылғалға төзімсіз болғандықтан, пәтерлерге су кетті. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан шатырды жөндеп жатырмыз. Біздің кінәміз жоқ. Комиссия үйді қабылдап алды. Бәрін сметалық құжаттарға сай жасадық. Қазіргі құрылыс материалдары сапасыз. Жобаны жасағанда осыны ескеру керек. Осы үйде ғана емес, басқа нысандарда да проблема бар. Тек оларды шу шығармай дер кезінде жөндедік», - дейді құрылыс алаңының басшысы Антон Зенченко.
Көршілес орналасқан Жамбыл көшесі, 49а мекенжайындағы үйдің де жағдайы осындай. Биыл көктемге халық қолданысына берілген.
«Бұл үйдің құрылысына «Зерттеу-СК» ЖШС жауапты. Біздің мәселеміз жаңбыр жауғалы басталды. Шатырдан кіре беріске, үйлерімізге су кетті. Көрші пәтерде тіпті аяқ баса алмайсың, шелектерін қойып қойған», - дейді Мадина Шәймерденова.
Бұл үйдің келіпдік мерзімі әлі аяқталмаған. Мердігер компания мәселені шешуге уәде етті.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО