$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.07.2021, 22:58
Жаңалықтар

«Жүрек сатамын»: Тығырыққа тірелген жас жігіт жүрегін саудаға шығарды

Жас жігіт 3,5 млн теңге қарызын жабу үшін осындай қадамға баруға мәжбүр болған

«Жүрек сатамын!» Ғаламторда осындай жарнама бар. Қарызынан құтылу үшін ең маңызды дене мүшесін саудаға шығарған азаматтың жасы небәрі 27-де. Елең етерлік жағдай. Жүрегін жарнамалайтындар өте сирек кездеседі. Бірақ бүйрегін, басқа да ағзасын сатуға ниеттілер көп. Өйткені елімізде донор жетіспейді. Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласындағы кардиохирургия орталығында 100-ден астам адам кезекте тұр.

Жауқазынның өмірі 5 жылдан бері жасанды жүрекке тәуелді. Ол темір жүрегін иығындағы қара сөмкесіне салып 24 сағат бойы қызғыштай қорып жүреді. Өйткені қуаты бітсе, не су тисе, тіпті бір жері бүлініп қалса, аппарат қызметін кілт тоқтатуы мүмкін.

«5 жыл болды осы аппаратпен жүргеніме, аппараттың салмағы 3 кг. Тәулік бойы менімен бірге, өйткені мына кабель арқылы жүрегімде орналасқан», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Жауқазын Зейнуллаева.

Жауқазын сияқты жүрегін алмастырғысы келетіндер, ел бойынша 3 мыңнан асады екен. Бірақ донар тапшы. Ғаламтордағы қара нарықта бүйрек сататындардан көз сүрінеді. Тіпті жүрегін саудаға қойған адамды да таптық. Айтуынша, 3 жарым миллион теңге қарызын жабу үшін осындай қадамға баруға мәжбүр болған. Бірақ бұл әрекетінен жақындары бейхабар екенін айтады.

«27-демін, әңгіме қателікте емес, менің зияным басқаларға тиіп жатқанында, әжем, анам, інім, қарындасым бар. Өтірік сөйлемей-ақ қояйын, қарызым болған соң істеп отырмын, біршама қарызым бар. Егер оны төлемесем, сотталуым мүмкін, түсініп тұрсың ба? Сотталғанннан гөрі жүрегімді сатқаным жақсы», - дейді донор.

Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының өкілдері тірі адамнан жүрек алуға заң бойынша тыйым салынғанын айтты. Тіпті мәйіттің өзінен алу үшін туыстарының рұқсаты маңызды деді. Дегенмен донор мәселесінің әлі күнге шешілмей келе жатқанына мамандар да алаңдаулы.

«Қазақстанда донорлықты көтеруіміз керек. Мұқтаж адамдарға көмек беруіміз керек. Қазір бізде медицина өте жақсы дамыған. Бізде барлық жағдай жасалған. Егер донор болса неше түрлі санаттағы күрделі оталарды жасауға дайынбыз», - деді Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының кардиолог маманы Гүлжан Мырзахметова.

Жалпы, ел ішінде бүгінге дейін 81 мәйіттік донордың ағзасын салу отасы жасалған. Мұндай донорлыққа 2009 жылы заң жүзінде рұқсат етілді.

Серіктес жаңалықтары