ШұғылБір тәулікте Қазақстанда 7691 адамнан коронавирус анықталды

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінде 16 мыңнан астам депозит ашылды

Депозитті мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің серіктес банктерінде ашуға болады

Қазақстандықтар мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі бойынша 16 мыңнан астам білім беру депозиттерін ашты. Бүгінгі таңда білім беру жинақтау салымдарының жалпы сомасы 22,3 млрд теңгені құрайды.

Бұған дейін қазақстандықтар өздерінің немесе балаларының білім алуына ақшалай қаражат жинақтауы үшін «AQYL» білім беру жинақтау салымдары құрылды.

Осы жинақтаушы салым жүйесін қолдаудың басты артықшылығы 9%-ға дейінгі банктік сыйақыдан басқа, қазақстандықтардың салымдарына мемлекеттік сыйлықақы есептеледі. Бұл артықшылық халықтың әлеуметтік осал топтары үшін де қарастырылған.

«Мемлекет сыйлықақының жылдық мөлшері 5%-ды, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жинақталған соманың 7%-ын құрайды. Бұл ретте банктік сыйақы мен мемлекеттің сыйлықақысы капиталдандырылады, яғни негізгі салымға қосылады. «AQYL» білім беру жинақтау салымдары депозиттік нарықта ең жоғары кіріске ие екенін айта кеткен жөн. Осылайша, мемлекет ата-аналарға баланы оқытуға кететін шығындарды және отбасылық бюджетке түсетін жүктемені едәуір азайтуға көмектеседі», – деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігі.

Бұдан басқа, білім беру депозиті Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорымен сақтандырылған және мемлекет пен үшінші тұлғалар тарапынан да кез келген шектеулер мен өндіріп алулардан қорғалған. Бұл мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде ашылған депозитке тыйым сала алмайтынын білдіреді.

«Депозитті мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің серіктес банктерінде ашуға болады. Салымшы отбасылық бюджеттің мүмкіндіктері мен жүктемесіне байланысты салымды толықтырудың мөлшері мен жүйелілігін өзі анықтайды. Білім беру депозитін кассалар, интернет-банкинг, сондай-ақ картадан жинақтаушы шотқа аудару арқылы толықтыруға болады. Бұл салымшылардың уақытын айтарлықтай үнемдейді», – деп нақтылады министрлікте.

Бала грантқа түскен жағдайда салымшы барлық қаражатты банк сыйақысымен және мемлекет сыйлықақысымен бірге шоттан алуға құқылы. Сондай-ақ ол қаражатты үшінші тұлғаның білім беру салымына аудара алады немесе магистратура бойынша оқуын төлеу үшін жинауды жалғастыруына болады.

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясында оқыту географиясына байланысты шектеулер жоқ. Яғни, жинақтарды қазақстандық колледждер мен жоғары оқу орындарында, сондай-ақ шетелде оқу ақысын төлеу үшін де пайдалануға болады. Техникалық, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға «AQYL» білім беру депозитін жасына қарамастан барлық қазақстандық аша алады.