Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік құрылады
Жаңа агенттік бала асырап алуға ниетті отбасыларға психологиялық кеңес беретін болады
Қазақстанда бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік құрылатын болды. Бірақ агенттікке ешқандай мемлекеттік мәртебе берілмейді. Қаржыландыру қайырымдылық қорлары арқылы жүзеге асырылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Шетелдік агенттіктер біздің мемлекетімізде бар. Олар жұмыс істейді. Сондай өкілеттілікті біздің ұлттық агенттікке беру көзделіп отыр. Оларға ешқандай мемлекеттік өкілеттілік берілмейді. Біздің мемлекет қаржысынан бір тиын да алмайды. Олар қайырымдылық қоры арқасында», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов
Сенат қабырғасында депутаттар «Неке және отбасы туралы» кодекстегі өзгертулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа сәйкес, жаңа агенттік бала асырап алуға ниетті отбасыларға психологиялық кеңес береді. Өйткені, соңғы уақытта балалар үйінен жетімдерді асырап алып, кейін қайтару оқиғалары көбейген. Сондықтан болашақ ата-аналар жан-жақты тексерілмек. Ал соңғы нүктені сот қояды. Заңға қайшы, күмән туғызған жағдай болса, құзырлы орган баланы бермеуге құқылы.
Айта кетсек, Қазақстанда 5 мыңнан астам қараусыз қалған бүлдіршін бар.
Дереккөз: КТК арнасы