Елімізде тәулік сайын шамамен 80-100 мың адам вакцина алып жатыр
Бүгінде вакцинаның 6,3 млн дозасы пайдаланылып, 1-компонентпен 4 млн-нан астам адам егілді

Әлемде Дельта штамының таралуына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі КВИ науқастарынан алынған лабраториялық үлгілерді ПТР скринингтен өткізіп, нәтижесін жариялады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте мәлім болды.
"2021 жылдың 1 шілдесіне Үнді штаммын анықтау үшін 414 сынаманың ПТР скринингі өткізілді. Нәтижелері бойынша 48,3%-бен Үнді штаммы барлық облыстар мен Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында табылды. Дельта штамының таралуын ескере отырып, соңғы екі аптада алдыңғы екі аптамен салыстырғанда жалпы республика бойынша барлық дерлік өңірлерде аурушаңдықтың өсуі байқалады. Аурудың өсуі 1,9 есе болды", - деді Марат Шоранов.
Шорановтың айтуынша, Дельта коронавирус штамының жұғу қаупі жоғары. Нақтырақ айтқанда, орта есеппен 1 адамнан 5-6 адам жұқтырады. Сондай-ақ, бірінші вице-министр қазіргі уақытта Ashyq жобасына барлық қызмет саласындағы 13 мыңнан астам нысан кіргенін, 4 млн-нан астам пайдаланушы тіркелгенін айтты. Жоба енгізілген сәттен бастап шамамен 12 000 карантин бұзушы анықталды, оның ішінде 5 959 науқас КВИ жұқтырғандар қатарынан болса, 5 770 байланыста болған адамдар.
«Ashyq» жобасы арқылы «қызыл» мәртебесі бар адамдардың карантин талаптарын бұзған фактісін расталса, яғни, егер азамат өзін-өзі оқшаулау режимін бұзса және айналасындағыларға жұқтыру қаупін тудырса, оған 30 АЕК немесе 87 510 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады», - деді бірінші вице-министр.
Сонымен қатар брифинг барысында елдегі вакцинациялау науқанының қазіргі көрсеткіші баяндалды.
«Бүгінде вакцинаның 6,3 млн дозасы пайдаланылды, оның ішінде 1-компонентпен 4 020 128 адам егілді, бұл тиісті халықтың 40,6%-ын құрайды. Екінші компонентпен 2 283 761 адам қамтылды. Егу пункттерінде шамамен 776 мың бірінші компонент және 1 млн 400 мың екінші компонент бар. Орта есеппен республика бойынша тәулік сайын шамамен 80-100 мың адам вакцина алуда», - деді Шоранов.