Сайлау:Ақмола облысында сайлаушылардың 59% дауыс берді

Елорда күнінде астанада 77 сәби дүниеге келді

Мереке күні босанған аналарға естелік сыйлықтар мен сәбиге арналған керек-жарақтар берілді

Көпсалалы қалалық ауруханалардың акушерлік блоктарында Елорда күнінде туған балаларды дәстүрлі түрде құттықтау рәсімі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Есіл, Алматы ауданы әкімдіктері және қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының атынан әкімнің Әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі бас инспекторы С.Бисембаева сәбилер мен олардың аналарына құттықтау хат пен гүл шоқтарын табыстап, зор денсаулық тіледі.

«Сіздерді бүгінгі айтулы күнмен құттықтаймын! Нәрестелеріңіздің дені сау болып, сіздерді қуанышқа бөлейтін, елге қызмет ететін азамат болып өссін! Біз сіздерді Елорда күнімен құттықтау үшін арнайы келдік. Ел азаматтары жыл санап көбейе берсін!» — деді С.Бисембаева.

Сәуле Бисембаева акушерлік блокқа КВИ-мен ауырып түскен аналарды да құттықтады. Мұнда 5 дені сау бала өмірге келді: 4 ұл және бір қыз.

«Дәрігерлер белгілеген уақытқа сүйенсек, сәл кейінірек босануым керек еді. Алайда, балам дәл осы күні өмірге келуді таңдаған екен. Бұл бекер емес, мұнда бір сыр бар деп ойлаймын», — жаңа босанған аналардың бірі.

Елорда күнінде босанған аналарға естелік сыйлықтар мен сәбиге арналған керек-жарақтар берілді.

Кеше, яғни 6 шілде күні елордада 77 бала өмірге келді, оның ішінде 37 ұл және 40 қыз бала.