ШұғылЕлімізде тағы 7778 адамнан коронавирус анықталды

Шымкентте заманауи технологиялармен жабдықталған «Ер-Ана» медициналық орталығы ашылды

Орталыққа 20 жылдан астам тәжірибесі бар мамандар тартылған

Шымкентте «Ер-Ана» медициналық орталығы ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Айқын газетіне сілтеме жасап.

Үшінші мегаполисте жаңадан ашылған медициналық орталықтың ашылу салтанатына қатысқан қала әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан өңіріміздегі медицина саласындағы жетістіктерге, адам денсаулығы үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Қала әкімі Мұрат Әйтенов халыққа есеп бергенде нөмірі бірінші приоритет адам капиталын дамыту екенін айтқан болатын. Осы бағытта денсаулық сақтау саласындағы осынау игі жұмыстардың бірі заманауи медицина орталықтары мен оңалту орталықтарының өңірімізде көптеп ашылуы болып тұр. Бұл салаға жеке инвесторлар да үлесін қосып келеді», – деп атап өтті ол.

Заманауи талапқа сай технологиямен жабдықталған орталық енді тұрғындарға сапалы дәрігерлік қызмет көрсетпек. Орталыққа 20 жылдан астам тәжірибесі бар мамандар тартылыпты.

Сонымен қатар жаңадан ашылған медициналық орталықта алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметтерін көрсету, кеңестік-диагностикалық көмек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде амбулаторияда және стационарда арнайы медициналық қызмет көрсетіледі екен.

Бұл үшін мұнда жаңа технологияларды қолданып, кинезитерапия әдістерімен медициналық оңалту, роботты механотерапия, массаж, ортада өмір сүру және жұмыс істеу қабілетін тез арада қалпына келтіру мүмкіндігі үшін кеңейтілген аппараттар, физиотерапия саласындағы жаңа технологиялар орнатылған.

Мұнан бөлек, «Ер-Ана» медициналық орталығында Diers Formetrik 4D оңалту құрылғысы орнатылған.  Бұл аппараттың ерекшелігі радиацияның болмауынан жүкті әйелдерге және балаларды диагностикалық тексеруге мүмкіндік береді деп жоспарланып отыр.