150 млн теңге: Нұр-Сұлтанда карантин талаптарын бұзғандарға айыппұл салынды
Соңғы тәуліктің өзінде қаладағы 5 сауда нысанында қызметкерлердің маска режимін сақтамағаны анықталды
Елордада құрамына аудандық әкімдіктердің өкілдері, полиция қызметкерлері кіретін мониторингтік топтар жұмысын күшейтілген режимде жүргізуде. Күн сайын олар 100 және одан да көп кәсіпкерлік нысанды аралайды. Олардың арасында 5-10 нысанда карантин талаптары сақталмайтыны анықталады. Карантиндік шаралар сақталмайтын нысандар арасында «Ashyq» жобасына қатысушылар да бар, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Мәселен, кеше, яғни 30 маусым күні Байқоңыр ауданында орналасқан 5 сауда нысанында қызметкерлердің маска режимін сақтамағаны анықталды. Олар: «Биг Шанхай», «Алуан Сайман» базарлары, «Аймақтау», «Тұлпар» және «Алаш» сауда үйлері.
Сарыарқа ауданының мониторингтік тобы жұмыс режимінің қолданыстағы шектеулеріне қарамастан түнгі сағат 2-ден кейін де жұмыс істеген Loto club-ты анықтады.
Жиналған материалдың бәрі әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына тапсырылды.
«Карантиндік талаптарды сақтау жөнінде кәсіпкерлік субъектілері мен елорда тұрғындарына жасалған көптеген өтініштерге, түсіндірулерге қарамастан олар қарапайым талаптарды сақтамай отыр. Тыйым салынғанына қарамастан, келушілер саны рұқсат етілген мөлшерден асып түседі. Қызметкерлер маска режимін сақтамайды, сол сияқты жұмыс істеуіне рұқсат берілмеген нысандар тыйымды елемей отыр», - деп атап өтті елорданың санитарлық-эпидемиологиялық қызмет департаменті.
2021 жылдың 1 қаңтары мен 30 маусым аралығындағы кезеңде аудандық СЭК шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін жалпы сомасы 150 262 745 теңгеге 726 жеке, заңды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартты.