Жетімдер үйлерінен 76 млн теңгенің заң бұзушылықтары анықталды
Барлық анықталған бұзушылықтар Экономикалық тергеу қызметіне тапсырылды
Қаржылық барлау Қаржылық мониторинг агенттігінің аумақтық департаменттерімен бірлесіп, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерде 21 заң бұзушылығын анықтады. Жалпы шығын сомасы 76 млн. астам теңгені құрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ең жиі жасалған бұзушылықтар қатарында қызметкерлерге жалақыны заңсыз есептеу және оларды бухгалтерлердің иеленуі, тауарлар мен азық-түлікті жоғары бағамен сатып алу, сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету сияқты деректер болды. Мысалы, мекемелердің бірінде зағиптарға арналған бағдарламалық қамтамасыз етуі бар ноутбуктерді сатып алу кезінде бюджетке келтірілген шығын 17 млн. теңгеден асты.
Аумақтар мен ғимараттарды абаттандыруға және ағымдағы жөндеуіне арналған бюджет қаражатын ұрлау деректері де орын алды. Мәселен, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бір арнайы мектеп-интернатта 3 млн. теңге жымқырылған. Қаражат асхана шатырын жөндеуге бөлінген еді.
Қазіргі уақытта барлық бұзушылықтар бойынша тергеу шаралары жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Барлық анықталған бұзушылықтар Экономикалық тергеу қызметіне тапсырылды.