Қазақ тіліндегі аудио дыбыстарды мәтінге автоматты түрде айналдыратын мобильді қосымша іске қосылды
Мобильді қосымшаны АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер таныстырды
Қазақ тіліндегі аудио дыбыстарды мәтінге автоматты түрде айналдыратын мобильді қосымша іске қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі журналистерге арналған TezText тегін мобильді қосымшасын іске қосты. Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан Республикасы екіжақты және аймақтық мәселелердің кең ауқымы бойынша, соның ішінде Қазақстан журналистерінің кәсібилігін арттыру және қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін күшейту жөніндегі бастамаларын қолдау мақсатында қарым-қатынас жасайды. “Ғаламат Тех” ЖШС жасап шығарған мобильді қосымшасын Қазақстандағы АҚШ Елшісі Уильям Мозер журналистерге таныстырды.
Елшіліктің ақпаратынша «TezText» - iOS және Android жүйелеріне арналған жүйелік тану мен бағдарламалаудың ең үздік жетістіктерін қамтитын бағдарламалық жасақтама. Ол қазақстандық журналистердің кәсіби қызметінде - қазақ тіліндегі аудиожазбаны мәтінге көшіріп теруге көмектеседі. Бағдарламалық жасақтама елдегі қазақтілді журналистика саласына айтарлықтай көмек көрсетеді және қазақтілді медианарықтың цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтеді.
TezText ерекшеліктері:
- журналистердің қажеттіліктерін ескере отырып жасалған мобильді қосымша. (бастапқыда Telegram бот ретіндегі тест түрі ұсынылған);
- тілдік модель журналистерге бейімделген;
- кәсіби терминдерді жақсы таниды;
- айтылған ақпаратты нақты уақыт режимінде жазып, тани алады.
Жоба БАҚ-ты дамытуға (Media Development) арналған шағын грант аясында кәсіби журналистика стандарттарын ілгерілету, жаңалықтарды іздестіру немесе тарату үшін инновациялық тәсілдерді енгізу, сондай-ақ өзара кәсіби алмасуды дамытуды қолдау арқылы қазақстандық медианарықты нығайту мақсатын көздеп, жүзеге асырылды.