Биылғы республикалық байқауға барлығы 340 өтініш келіп түскен
Бүгін елордада баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы «URKER-2021» ұлттық сыйлығының жүлдегерлері марапатталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Биыл URKER сыйлығының үздіктері әдеттегідей 11 емес, 12 номинация бойынша марапатталды. Яғни, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жүлделер қатарына «Тәуелсіздікке арналған ең үздік материал» номинациясы қосылды.
Оның ішінде Nur Media холдингіне қарасты «Жылдың үздік газеті» аталымын «TÚRKISTAN» халықаралық саяси апталығы жеңіп алды. Басылымның бас редакторы Қуат Әуесбайға сыйлықты журналист, ҚР Журналистер академиясының академигі Александр Тараков табыс етті.
Жалпы, биылғы республикалық байқауға барлығы 340 өтініш келіп түскен.
Айта кетсек, URKER ұлттық сыйлығы аймақтардағы мультимедиялық журналистиканы дамытуға ықпал етуге, журналистика мәртебесін арттыруға, оны насихаттан ерекшелейтін кәсіби стандарттар мен критерилерді бекітуге, журналистердің азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған.
Конкурс мақсаты – талантты журналистер мен шығармашылық ұжымдарды анықтау, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға қосқан үлестеріне құрмет көрсету.