Санитарлық талаптарды елемегендерге жаза, жауапты басшыларға шара қолданылады - Өмірзақ Шөкеев
Түркістан облысының әкімі той-томалақ өткізуді тоқтатуды тапсырды
Түркістан облысының кей аудандарында әлі күнге дейін дүркіреп той өтіп жатыр. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың қайта белең алып жатқанын атап өтті. Және той-томалақты өткізуді тоқтатуды тапсырды. Әрі санитарлық талаптарды елемегендерге жаза, жауапты басшыларға шара қолданылатындығын жеткізді, деп хабарлайды Otyrar.kz.
Түкістан облысында коронавирус анықталғандардың 75 пайызға жуық инфекцияны мерекелік кештерде жұқтырған. Індетті болжамды жұқтыру көздерін нақтылау үшін эпидемиологиялық тексерулер барысында осындай дерек белгілі болды.
Өңірде жыл басынан бері тыйым салынған 400-дей шара анықталыпты. Оның 225-і қоғамдық тамақтану орындарында өткен, қалғаны өз үйлерінің ауласында өткізген екен. Ал аудан, қала әкімдіктері жанынан құрылған 127 мобильді топ мүшелері жүргізген мониторинг жұмысының тиімділігі күрт төмендеген. Осыған байланысты облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жауаптыларға қатаң ескерту жасап, той өткізуді тоқтатуды тапсырды.
«Індет қайтадан белең алып бара жатыр. Мониторинг емес, тексеруді күшейту керек. Көріп отырмын, кей аудандарда дүркіретіп тұрып той жасап жатыр. Қайда барсаң да барлық жерде той болып жатыр. Елдегі эпидемиологиялық жағдайды біле тұра, той жасағандарды тоқтату керек», - деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Аймақ басшысы санитарлық талаптардың сақталуын бақылау мақсатында жүргізіліп жатқан тексерулерді елемегендерге жаза, ал жауапты басшыларға шара қолданылатындығын атап өтті.