Белгілі мемлекет қайраткері Қуаныш Алпысбеков дүние салды
Қуаныш Махмұтұлы ҚР Парламенті Мәжілісінің II шақырылған депутаты болған
Белгілі мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің II шақырылған депутаты Қуаныш Махмұтұлы Алпысбеков 77 жасқа қараған шағында дүние салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бүкіл депутаттық корпустың атынан марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
«Мәжіліс депутаттарының атынан және жеке өз атымнан орны толмас қазаға байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстарына және жақындарына көңіл айтамын. II сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде Қуаныш Махмұтұлы Алпысбеков отандық заңнамалық базаны жетілдіруге сүбелі үлес қосты», - деді Нұрлан Нығматулин.
Сонымен қатар Мәжіліс спикері Қуаныш Алпысбековтің КОКП ОК-де, кейінірек Көлік министрлігінде, Ақмола облысының басшылығында, сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесінде жауапты мемлекеттік лауазымдарда жұмыс істеген жылдардағы жоғары кәсібилігіне тоқталды.
«Көрнекті мемлекет қайраткері, керемет тұлға және сенімді дос Қуаныш Махмұтұлы туралы жарқын естелік адамдардың жүрегінде мәңгі сақталады», – деп атап өтті Мәжіліс спикері.