ШұғылБір тәулікте Қазақстанда 7691 адамнан коронавирус анықталды

Алматыда бір адамнан коронавирустың «Үнді» штамы анықталды

Қалада карантиндік бақылау шаралары күшейтіледі

Фото: ашық дереккөзден

Алматыда бір адамнан коронавирустың «Үнді» штамы анықталды.  Жаңа штамм «К» есімді 37 жастағы әйелден табылған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. 

Алматының бас санитары дәрігері Жандарбек Бекшиннің сөзінше, қалада карантиндік бақылау шаралары күшейтіледі.

«Үнді» штамы жаңадан келіп жатыр. 1984 жылы туған азаматша сырттан жұқтырған. Онымен байланыста болған жеті адам да оқшауланды. Азаматша «К» инфекциялық стационарда ем алып жатыр. Оның жеті жастағы қызы да жеке палатада бақылауда. Науқастың өзге де туыстары дәрігерлердің бақылауына алынды. Оның күйеуі Голландия елдіне іс-сапарда. Ақпан айында күйеуі коронавируспен ауырған. Жұмыс орнындағы басшылығына бұл хабар жеткізілді», - деді Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин. 

Бекшиннің сөзінше, Алматыда вирусты қайталап жұқтырудың 32 жағдайы тіркелген. Бүгінгі күнге дейін Алматы тұрғындарының 20 %-ы екпе алды. Елдегі Бас санитардың қаулысы шыққан сәттен бастап, қалада карантиндік шаралар қайта күшейтілуі мүмкін. Өйткені, қала халқы босаңсып, маскасыз жүретін жағдайға жектен. 20-30 жастағы жастар арасында инфекцияның таралуы 32%-ды құрайды. Ал олар екпе алуға қарсы, сөйте тұра ауруды таратушылар саналады. Ал «Үнді» штамын жұқтырған әйел еш жерде жұмыс істемейді және вирусты қайдан жұқтырғанын есіне түсіре де алмаған.  

«Халыққа қызмет көрсететін орталықтардың қызметкерлерін міндетті  түрде вакцинациялау туралы ұсыныс айтылды. Алматыда бір ғана жағдай тіркелді. Әйел үйде, сыртқа шығып жұмыс істемейді. Ол азаматша 21 маусым күні өзінің сынамаларын тапсырды. Мутациядан өткен жаңа «Дельта» штамы кеше кешке анықталды. Бүгін қайталап зерттеу барысында ол тағы расталды. Науқас ауруды қай жерде жұқтырғанын білмейді. Ол барған бірнеше нысанды бақылауға аламыз. Салынып жатқан екпелердің барлық түрі штамдардан сақтайды», -деді Ж.Бекшин. 

Қала билігі Алматы  әуежайы мен теміржол вокзалдарында бақылауды күшейтті. Тексеруді күшейтудің мақсаты  - «Үнді» штамының таралуына жол бермеу. "Дельта" ("үнді") штамының таралуына байланысты жерүсті қызметтердің коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы дайындығы, ұшу аумағында инфекция симптомдарын анықтайтын жолаушылар үшін жекелеген инфекциялық бокстардың жұмысы тексерілді.

Әуежайға кіреберістегі Ashyq қосымшасы арқылы тестілеуге де назар аударылады. Эпидемиологтардың айтуынша, «Дельта» штамының таралу жыламдығы өте жоғары, бұған дейін анықталған штамдарға қарағанда 60%-ға жұқпалы. Орташа алғанда, бір адамнан 5-6 адамға тарайды. Штамның инкубациялық кезеңі жеті күнді құрайды. Ғалымдардың зерттеулері коронавирустың "үнді" штамынан ауруханаға жатқызу мен өлім-жітімнің ықтималдығы жоғары екенін дәлелдеген.  

«Үнді» штамының симптомдары басқа, үйреншікті штамдардан өзгеше. Дәрігерді шақыруыңыз керек, өйткені жаңа штамм қауіпті. Осыған байланысты қала тұрғындары өзін-өзі емдеумен айналыспауы керек", - деді қаланың Бас санитар дәрігері. 

Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Санитарлық-эпидемиологиялық қорғаудың барлық шараларын күшейтуді, оның ішінде Әуежай қызметкерлерін вакциналауға шақырды. Сондай-ақ  әуежайды дезинфекциялау жұмыстары жалғасады. Еске салсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 20 маусымдағы зерттеу мәліметтері бойынша SARS-CoV-2 "Дельта" штамы әлемнің 74 елінде анықталған. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы