Алматыдағы Энергия тиімділігін арттыру басқармасының басшысын «Nur Otan» қатарынан шығару ұсынылды
Қазір Айдар Беркімбаевқа қатысты жемқорлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр
Бүгін Алматы қаласында «Nur Otan» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің сырттай отырысы өтті. Жиында бас қосқандар Экономикалық тергеу департаментінің материалдарын қарады. Бұл туралы саясаттанушы, Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Отырыс барысында Алматы қаласы бойынша энергия тиімділігін арттыру басқармасының басшысы, партия мүшесі Айдар Беркімбаевқа қатысты «Ratel.kz» интернет порталының жариялаған мақаласы талқыланды.
«2020 жылы Айдар Беркімбаев «Алматыжылукоммунэнерго» ЖШС-ны басқарып тұрған кезінде жергілікті Экономикалық тергеу департаменті қозғаған қылмыстық істе «мүліктік залал келтіру» фактісі бойынша күдікті деп танылды. 2021 жылдың ақпан айында Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қала әкімінің орынбасарының атына «А. Ш. Беркімбаевқа қатысты тәртіптік шара қолданып, тіпті қызметінен босату» туралы ұсыныс жіберілді», - делінген саясаттанушының жазбасында.
Қазір Алматы облысындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті «облыстық энергетика басқармасының бұрынғы басшысы Айдар Беркімбаевтың «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасына бөлінген 630 млн теңгеден астам қаражатты жымқыру» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастағаны белгілі болды.
«Алматыжылукоммунэнерго» ЖШС-да жасалған сыбайлас жемқорлық сипатындағы фактілерді, сондай-ақ Алматы облысында қозғалған қылмыстық істі ескере отырып, Кеңес «Nur Otan» партиясы қатарынан А.Ш. Беркімбаевты шығару және оны қазіргі лауазымынан босату мәселелерін қарауды ұсынады. «Nur Otan» жанындағы РЖҚІҚК бұдан әрі мемлекеттік билік органдарындағы олқылықтарды жоюмен айналысады!», - деп жазды Ерлан Сайыров.