Өскеменде ерекше балаларға арналған балабақша ашылды
Мекемеде жекелей және топтық түрде 100-ге жуық бала тәрбие алады
Өскеменде алғаш рет аутизм белгілері бар балаларға арналған балабақша ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.
Мекемеде жекелей және топтық түрде 100 шақты бала тәрбие алады. Мұндағы мұғалімдер де ерекше балалармен жұмыс істеу әдісіне жетік дайындалып, арнайы семинарларда білімін шыңдаған. Дефектолог, психолог сынды мамандар балалармен жеке жұмыс істеп қана қоймай, ата-аналарына да кеңес береді.
Айта кету керек, осындай мектепке дейінгі мекеменің аймақта маңызы айырықша. Өйткені, дамуында тежелуі бар балаларды тәрбиелеп жатқан отбасы үшін үлкен қолдау екені сөзсіз. Балабақша жекеменшік-мемлекеттік әріптестік бойынша жұмыс істейді.
«Бүгінде өкінішке қарай, бұл проблема өзекті болып тұр. Өйткені, аутист балалар көп кездесетін болды. Менің өзіме күніне он шақты қоңырау түседі, барлығы да осындай балалардың тағдырына алаңдаулы ата-аналар. Біз ересек емес, 3-4 жастағы балалардан бастап қабылдаймыз, өйткені, қажетті шараларды ерте бастаса ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады», - дейді жоба үйлестірушісі Анна Ипатова.