$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.12.2019, 15:45
Жаңалықтар

Назарбаев зияткерлік мектептеріне ЮНЕСКО сыйақысы табысталды

20 мың доллар көлеміндегі ақшалай сыйақы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ төрайымына табысталды

Назарбаев зияткерлік мектептеріне ЮНЕСКО сыйақысы табысталды

Қытайдың Цзинань қаласында Назарбаев Зияткерлік мектептеріне 2019 жылдың ЮНЕСКО Wenhui Award сыйақысы табысталды. NIS – ЮНЕСКО-ның білім саласындағы сыйлығына ие болған алғашқы қазақстандық білім беру ұйымы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Дипломмен ұсынылған жобаны дамытуға арналған 20 мың доллар көлеміндегі ақшалай сыйақы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ төрайымы Күләш Шәмшидиноваға табысталды.  Аталған жоба университет пен мектеп арасындағы серіктестікті дамытуға бағытталған. 2019 жылдың финалдық кезеңінде Австралия, Қытай, Малайзия және Шри-Ланканың үздік университеттері болған.

«Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікістан және Өзбекстан  бойынша ЮНЕСКО-ның кластерлік бюросының атынан өзімнің «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына деген аса құрметімді білдіріп, асқан қуанышпен, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ жоғары оқу орындары мен мектептер арасындағы ынтымақтастық саласындағы үздік оқу орындарының бірі ретінде танылды», - делінген Алматы қаласындағы ЮНЕСКО-ның кластерлік кеңсесінің директоры Криста Пиккаттың NIS ұжымына жолдаған хатында. 

NIS-ті жаңа табысымен алғашқылардың бірі болып Қазақстанның инновациялық мектептерінің серіктесі - Кембридж университеті құттықтады.

«НЗМ салмақты байқауда жеңіске жетіп, «мектептер мен студенттер арасындағы серіктестік» бағытын сәтті құрғаны үшін марапат алды. Құрылған күннен бастап, НЗМ ұлттық және халықаралық университеттермен бірге түлектерге қолдау көрсету және олардың жетістіктерін тану мақсатында ынтымақтастық орнатты. Назарбаев Зияткерлік мектептерін фантастикалық  жетістігі мен осы марапатқа ие болуымен құттықтаймыз», - делінген ұйымның сайтында жарияланған хабарламада.

Бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектептері қазақстандық Назарбаев Университеті, Қазақ-Британ техникалық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, КИМЭП, Сәтпаев университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Алматы Менеджмент университеті, Нархоз университеті «Бизнесті әкімшіліктендіру бакалавры» мамандығы бойынша, Сүлеймен Демирел атындағы университет және т.б. жоғары оқу орындарымен серіктестік қарым-қатынаста жұмыс істеп жатыр.

NIS-programme оқу бағдарламасы мен НЗМ 12-сынып сертификатын Ұлыбританияның білім куәлігін тану жөніндегі ұлттық ақпарат орталығы (UK NARIC), Голландияның білім беруді интернационалдандыру бойынша ұйымы (NUFFIC), Германия федералды жерлерінің және білім министрлерінің тұрақты конференциясының кеңесі және Швейцариядағы қонақүй менеджменті саласындағы провайдері Swiss Education Group сынды бірқатар халықаралық ұйым мойындаған.

Сондай-ақ, NIS-programme оқу бағдарламасы мен сертификатын Кембридж Университеті, Борнмут университеті, Глазго Каледония университеті, Гонконг қалалық университеті (ҚХР), Гонконг политехникалық университеті, Пусан ұлттық университеті, Йонсей университеті (Оңтүстік Корея), Монаш университеті (Австралия) сияқты шетелдік жоғары оқу орындары мойындап отыр. Олар НЗМ түлектерін жоғары оқу орнына дейінгі курсты өтпей-ақ, бакалавриат бағдарламаларына қабылдайды.

Эльмира Мәмбетқызы

Серіктес жаңалықтары