Ақмолалық адвокат Экономикалық тергеу департаментінің заңсыз әрекетін жариялады
Қорғаушы қорғауындағы адамдармен кездесе алмай жүргенін айтады
Адвокат Ерлан Макенов Ақмола облысы Экономикалық тергеу департаментінің заңсыз әрекеттері туралы жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Оның сөзінше, қорғаушылар сотталып жатқан қорғауындағы адамдармен кездесе алмай жүр. Адвокаттың айтуынша, ол 4 маусымда жазбаша келісім негізінде азаматтың құқығы мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында Ақмола облыстық Экономикалық тергеу департаментінің ғимаратына келгенімен, қорғауындағы азаматпен тергеушілер кездестірмеген.
«ЭТД ғимаратының төртінші қабатында сағат 12:30-дан 21:34-ке дейін болдым. Бірақ тергеу тобының жетекшісі А.Ф.Унгарбаев адвокат ұсынған хабарламаға, қызметтік куәлік көшірмесіне, клиенттің адвокатқа берген жазбаша рұқсатына қарамастан мені адвокат ретінде тергеу шараларына қатыстырмады», - деп хабарлады адвокат.
Адвокаттың сөзінше, ол бұған дейінде бірнеше рет қорғауындағы клиентімен кездесе алмаған. Қорғаушы күдіктіден жауап алу, сараптама қорытындысымен танысу, күдіктінің әрекетіне баға беру жөніндегі жаңа қаулымен танысуға адвокат қол жеткізе алмаған. Оның себебін сұрағанда тергеу тобының жетекшісі «Уақыт жоқ, мерзім өтіп барады» деп қысқа қайырған.
«РемСтройСервис ПВ» ЖШС-іне қатысты ақша жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс бір жылдан бері тергеліп жатыр. Күдікті ретінде 5 адамның үстінен іс қозғалған.
«Мен тергеу тобы басшысының бұл әрекетімен үзілді-кесілді келіспеймін және оның үстінен Көкшетау қаласының тергеу сотына шағым түсірдім. Ақмола облысының Экономикалық тергеу соты «РемСтройСервис ПВ» ЖШС-іне қатысты ақша жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі бір жыл бойы тергеп жатыр, ал адвокатты қатыстыруға 5 минут уақыт бермеуіне негіз бар ма? Бұл Конституцияның 16, 39 және 10, 15, 31, 64, 66, 70, 89 және басқа баптарына қайшы келеді. Шамамен сағат 21:20-да Ақмола облыстық Экономикалық тергеу департаментінің ғимаратына қадағалаушы прокурор Бримжанов С.Т. келіп, адвокат өтінішін қарастырып, мәселені анықтаймыз деген уәде берді. «Бұл қалай, өзі?» деген сауал тастайды ол. Қорғаушыны шектеу – азаматтардың конституциялық құқығын бұзу», - деді Е. Мәкенов.