$ 523.2  594.3  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.06.2021, 11:03
Жаңалықтар

Елордада «қолжетімді қала» марафоны өтті

Іс-шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды

Елордада «қолжетімді қала» марафоны өтті

Нұр-Сұлтанда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған "қолжетімді қала" марафоны өтті, деп елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған марафонды «ДОС» Тәуелсіз өмір орталығы» мүгедектер қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Марафонның негізгі идеясы — қалада мүгедектер арбасында, электр мото-приставкаларда және т.б. еш қиындықсыз қозғалуы.

«Біздің марафон Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған. Мүгедектер арбасында отырғанмен үйде отырмайтын жандар бар екенін жұртшылыққа көрсеткіміз келеді. Қазір бізде электр мото-приставкалар түріндегі құрылғылар бар. Бұл мото-приставкаларды бізден жалға алып, елордамыздың әдемі жерлерін аралай алады. Бұл бір адамның тәуелсіздігі, яғни басқалардан көмек сұрамай-ақ емін-еркін қозғала алады», — деді «ДОС» Тәуелсіз өмір» орталығы қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Ардақ Отарбаев.

Марафонға мүгедектер арбасында 16 адам қатысты. Мотожарыс қозғалысы Қабанбай батыр даңғылы — Қорғалжын тас жолы — Тұран даңғылы — Орталық саябақ бағыты бойынша өтті.

«Елімізде мото-приставкалар шеруін алғаш болып біз өткізген шығармыз. Елордамыз осындай марафондарға және мүгедектер арбасында еркін жүріп-тұруына алғаш болып мүмкіндік жасады», — деп атап өтті Ардақ Отарбаев.

Орталықта атап өткендей, бір электр мото-приставканың құны шамамен 300 мың теңгені құрайды. Қоғамдық бірлестік әзірге Қытайдан 10 данасын сатып алды, бірақ болашақта қаржыландыру негізінде қосымша сатып алу жоспарлануда.

Ұйымдастырушылар болашақта арбамен жүретін адамдардың мотожарыстары жыл сайын өткізілетінін айтты.

«Біз жарыстар өткізіп, қалалық марафондарға қатысамыз. Жыл сайын біз "белсенді демалыс паркі" іс-шарасын өткіземіз, яғни біз осындай белсенді балаларды жинап, қала сыртында демалыс ұйымдастырамыз. Арамызда жарақат алып қалғаннан кейін қайда бару керектігін білмейтін балалар бар. Бәріміздің басымызды қосып, бір-бірімізбен таныстырамыз», — дейді Ардақ Отарбаев.

Айта кету керек, марафон санитарлық нормаларды сақтай отырып және Нұр-Сұлтан қаласының патрульдік полициясының сүйемелдеуімен өтті.

"ДОС" Тәуелсіз өмір" орталығы — мүгедектер арбасының көмегімен қозғалатын, тірек-қимыл аппараты зақымданған адамдарды біріктіретін ұйым. Ұйымның мақсаты — мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, психологиялық, физикалық және экономикалық кедергілерді жою, тең мүмкіндіктер жасау.

Серіктес жаңалықтары