Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров туралы кітап жарық көрді
Кітапта даңқты балуанның өнегелі өмірі суреттеледі

Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров туралы кітап жарыққа шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
«Біртуар» деп аталатын деректі романды Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан жазды. «Балалар әдебиетін қолдау жылына» орай Алматы облыстық әкімдігінің қолдауымен басылған туындының тұсаукесері Талдықорғанда өтті.
Орыс және қазақ тіліндегі кітап мың данамен шықты. 5 тараудан тұрады. Онда даңқты балуанның балалық шағынан бастап ер жетіп, есею кезеңі қамтылған. Үлкен спортқа келуі, күрестегі әділетсіздікке мойымаған саңлақтың жанкешті еңбегі суреттеледі. Олимпиада шыңына дейінгі өнегелі өмірі баяндалады. Біртуар тұлға жайлы жинақ жастарға тәлім-тәрбие беруде таптырмас құрал.
«Егер сіз ұлтжанды мемлекетшіл, отансүйгіш, батыр бала тәрбиелегіңіз келсе, «Біртуарды» оқыңыз. Егер сіз асыл азамат, адал дос, жақсы жар етіп бала өсіргіңіз келсе, «Біртуарды» оқыңыз. Мен осы кітабымның ішіне Жақсылықтың ең жақсы қасиеттерін кіргізуге тырыстым», - дейді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан.