Ауыл шаруашылығы министрлігі елге қызанақ пен бұрыш әкелуге тыйым салды

Түрікменстан аумағынан жеткізілетін көкөністерге уақытша карантин шаралары енгізілді

 

Ауыл шаруашылығы министрлігі елге қызанақ пен бұрыш әкелуге тыйым салды
Фото: pixabay.com

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешініндегі мемлекеттік инспекция комитеті 7 маусымнан бастап Түрікменстан аумағынан қызанақ пен бұрыш өнімдерін әкелуге тыйым салып, уақытша карантиндік фитосанитариялық шараларды енгізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, бұл - қызанақ пен бұрыштан карантиндік организмдердің анықталу жағдайларының жиілеуіне байланысты енгізілген шаралар.

«Түрікменстанның өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік қызметінің фитосанитариялық сертификаттарының сүйемелдеуімен Қазақстанға жеткізілетін қызанақтарға карантиндік фитосанитариялық бақылау жүргізу кезінде «қоңыр әжім» вирусының (Tomato brown rugose fruit virus (ToBRFV) 19 дерегі анықталды.

ISPM № 13 «Сәйкессіздік және шұғыл әрекет ету туралы нотификациялау нұсқаулығы» фитосанитариялық шаралар жөніндегі халықаралық стандарттың ережесіне сәйкес (Рим, 2002), Түрікменстанның өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік қызметінің атына карантиндік фитосанитариялық талаптардың бұзылуы туралы нотификациялар жіберілді», - делінген хабарламада.

Жалпы, өсімдіктер карантині саласында жыл басынан бері Қазақстан Республикасының аумағына карантинге жатқызылған өнімді әкелуге қатысты 1300-ден астам заң бұзушылық анықталды. Карантиндік фитосанитариялық талаптарды бұзып, карантинге жатқызылған 11 мың тонна өнімді жеткізбек болғандардың жолы кесілді. Қазақстанға жеткізілетін өнімнен карантиндік объектілер табылған 155 жағдай тіркелді. Тәртіп бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 56 млн теңгеден асатам сомада айыппұл төледі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.