Кирилл Герасименко үстел теннисінен Токио олимпиадасына жолдама алды
Үстел теннисінен Қазақстан құрамасы қоржынында екі жолдама бар
Үстел теннисінен Қазақстан құрамасының үздігі Кирилл Герасименко Олимпиада лицензиясын жеңіп алды. Бұл Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) әлемдік рейтингіндегі позицияларға сәйкес квоталар бөлінгеннен кейін белгілі болды.
Жалпы, қазір үстел теннисінен Қазақстан құрамасы қоржынында Олимпиада ойындарына екі жолдама бар. Осыған дейін Анастасия Лаврова Орталық Азия аймағының іріктеу жарысында топ жарып, Токио Олимпиадасына жолдама ұтып алған болатын.
Еске салайық, пандемияға байланысты 2020 жылдың тамызында өтуі тиіс Токио олимпиадасы кейінге қалдырылды. 2021 жылдың басында Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах биыл Олимпиада ойындары жоспарланған уақытта өтетінін мәлімдеді.
Олимпиадада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Сондай-ақ биыл дүбірлі додаға бейсбол, каратэ, серфинг, құзға өрмелеу және скейдбординг секілді жаңа спорт түрлері қосылды.
Ал, қазақстандық спортшылар Токио олимпиадасында ел намысын спорттың 30 түрінен қорғауды жоспарлап отыр.
Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың айтуынша, қазақстандық спортшылардың Токио Олимпидасына (жазғы) қатысуына мемлекет тарапынан 15 млрд теңге бөлінеді.