Алматыда 8 жылға бас бостандығынан айырылған университет ректорына қатысты іс бойынша үкім өзгерді
Экс-ректор мен оның бас есепшісіне 1,7 млрд теңге ұрлады деген айып тағылған

Былтыр 5 қазанда Халықаралық ақпараттар технологиялық университетінің бұрынғы ректорына қатысты сот үкімі шығып, Дамир Шыныбеков пен оның бас есепшісі Жанайым Спабекова мүлкін тәркілеумен 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Алматы қалалық соты бұрынғы ректор Дамир Шыныбеков пен бас есепші Жанайым Спабекованың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша апелляциялық шағымды қарады. Апелляциялық сатыдағы сот процестік шығындардың сомасын нақтылап, Дамир Шыныбековтің қамауда болған уақыты жазалау мерзіміне есептелетінін мәлім етті.
«Сонымен қатар, айыптау актісінде, сотқа дейінгі тергеу органы Шыныбековтің мүлкі қылмыстық жолмен алынғанын көрсетпегендіктен, сот мүлікті тәркілемей, оны залалды өтеу есебінен мемлекет кірісіне аударды. Қалған бөлігінде үкім өзгеріссіз қалды. Қаулы заңды күшіне енді», - деп хабарланды қалалық соттың баспасөз қызметінен.
Дамир Шыныбеков пен оның сыбайласына (бас есепші) 2013-2018 жылдар аралығында 1 млрд 700 млн теңге ұрлаған деген айып тағылды. Олардың кінәсі толық дәлелденді.