$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.10.2020, 23:04
Қоғам

Алматыда ХАТУ-дың бұрынғы ректоры Дамир Шыныбеков ұзақ жылға сотталды

Ол аса ірі көлемдегі қаражатты бас есепшімен бірге жымқырған

Алматыда ХАТУ-дың бұрынғы ректоры Дамир Шыныбеков ұзақ жылға сотталды

Алматы қаласы Бостандық аудандық №2 соты Халықаралық ақпараттар технологиялық университетінің бұрынғы ректорына қатысты үкім шығарды. Бір жылдан бері жүргізілген сот тергеуінен соң Дамир Шыныбеков 8 жылға сотталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне қалалық соттың баспасөз хатшысы Абай Жарылқасын хабарлады.

«Сотталушы бұрынғы ректор Шыныбеков пен бас есепші Спабекованың кінәлары толық дәлелденді. Сот Шыныбековты қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеумен бірге, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі», – делінген үкімде.

Сот қазысы Теміржан Құдабаев онлайн тәртібінде өткен сот отырысында университеттің бас есепшісі Жанайым Спабекованың да мүлкін тәркілеп, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Сот үкімінде айтылғандай, Шыныбеков сыбайласымен бірге 2013-2018 жылдар аралығында 1 млрд 700 млн теңге ұрлаған. Олардың кінәсі толық дәлелденді.

«Айыптау қорытындысына сәйкес, ұрланған қаражат әртүрлі кәсіпорындар арқылы жалған құжаттардың көмегімен сыртқа шығарылып отырған. Сапабекованың бірнеше элиталық пәтері, үш үй, жер телімдері және қымбат автокөлік сатып алғаны анықталды. Ол жалған ЖШС ашып, қаражат жымқарған», - деді судья.

Оқи отырыңыз: IT университеттің бұрынғы ректоры Назарбаев атындағы қор ақшасына қол салған

Сот үкімі оқылған соң, сотталушылар 10 күн ішінде шағым түсіруге болатынын айтылды. Бір жылға созылған сот тергеуінде дәлелдердің мұқият зерделенгені белгілі болды. Оларға ҚР ҚК 189-бабы және 218 бабы бойынша айып тағылған болатын. Күдіктілер тергеу барысында қаражаттарды қайтармаған. Оларға жазасын өтеп шыққан соң 5 жылға дейін білім-ғылым саласында жұмыс істеуге және жетекшілік қызметтер атқаруға тыйым салынды.

Дамир Шыныбеков Қазақстан жоғарғы оқу орындарының ішінде ең жас ректор ретінде танымал болды. Оны ортасы жаңаша ойлайтын маман ретінде мойындайтын. Ол 29 жасында докторлық диссертациясын қорғап, 32 жасында елдегі ең беделді оқу орындарының біріне ректорлыққа тағайындалған. Қазақстандық алғашқы IT университетті ашуға Елбасының өзі тапсырма беріп, ақпараттық технологияларды меңгерген білікті мамандар дарялау бойынша Орталық Азия аумағындағы жетекші орынға көтерілген.

Шыныбеков аталған ЖОО-ны үздіксіз 10 жыл басқарған. Оған дейін төрт жыл бойы Алматыдағы Халықаралық бизнес университетінде факультет деканы болған. Ашық дереккөздерде 2016-2019 жылдары Білім және ғылым министрі қызметінде болған Ерлан Сағадиев жекеменшік екі ЖОО-ның, яғни Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті мен Халықаралық бизнес университетінің (UIB) иесі екені айтылады.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары