Қарағанды қаласы әкімінің екі орынбасарына сөгіс жарияланды
Қаладағы орталық саябақтың басшысы қызметінен босатылды
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Қарағанды қаласының орталық саябағында карантин нормалары өрескел бұзылғаны үшін бірқатар шенеунікті жазалауды тапсырды. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарланды.
«Саябақ басшылығы, сондай-ақ қалалық әкімдіктің тәртіп үшін жауапты тұлғалары бұл күні азаматтардың бос уақытын қауіпсіз және санитарлық нормаларға сай өтуін қамтамасыз етпеген. Нәтижесінде 1 маусымда саябақта адамдардың шамадан тыс көп шоғырлануы орын алды. Бұл жағдайдың болуына жол берген жауапты тұлғалар қатаң жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.
Қарағанды қаласы әкімінің екі орынбасары Нұрлан Бикенов, Халел Әкімжановқа, сондай-ақ мәдениет бөлімінің басшысы Баян Нұртаеваға сөгіс жарияланды. Саябақ басшысы Мәдина Әшірова қызметінен босатылады.