Мамай дәлелдерінің бар екенін қайталай береді, бірақ сотқа ештеңе тапсырмады - Байбектің адвокаты
Заңгер жауапкерлердің өздерін әділетсіз сот төрелігінің құрбаны етіп көрсетуге тырысып жатқанын ашып айтты
Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің талап-арызы бойынша Ж.Мамай мен И.Иманбаеға қатысты өтіп жатқан сот процесі жөнінде бірінші тараптың мүддесін қорғаушы заңгер Айжан Тәшенова 31 мамырда кезекті сот отырысының жұма күнге, яғни 4 маусым сағат 10:00-ге тағайындалғаны туралы хабарламаны, сондай-ақ тәуелсіз психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысының көшірмесін алғанын айтты.
«Өздеріңіз білетіндей, 14 мамырда соттың бірінші отырысында жауапкерлер Ж.Мамай мен И.Иманбаева біз ұсынған психологиялық-филологиялық сараптаманың қорытындыларымен «сараптаманың өзімен таныспаса» да (адвокат Ғ.Нұрпейісовтің сөзі) келіспейтіндіктерін білдірген еді.
Осыған байланысты 19 мамырда, яғни екінші отырыста Азаматтық процестік кодекстің 82-бабына сәйкес судья тәуелсіз сот сараптамасын тағайындады», - деп жазды ол.
Заңгер Алматы қаласы бойынша Сот сараптамасы институты берген психологиялық-филологиялық зерттеу қорытындыларымен танысып шыққан.
«26 беттен тұратын құжатта сараптамашылар сот қойған 12 сұраққа егжей-тегжейлі жауап берген.
Мамандардың тұжырымдары анық: бейнежазбалар мазмұнында Б.Байбектің жеке басы мен қызметі туралы кесімді формада айтылған жағымсыз ақпарат, сондай-ақ қолданылу астарында талап қоюшының ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсіту сипатындағы сөздер бар.
Осылайша, тәуелсіз сот сараптамасы біз бұрын ұсынған жеке сараптаманың тұжырымдарын толығымен растайды. Қызығушылық танытқан кез келген адам өзі салыстырып, менің сөздерімді қажетінше тексеріп көру үшін 2 қорытындының да толық мәтіндерін салып отырмын», - деді заңгер.
Айжан Тәшенова жауапкерлердің де өз сараптамаларын ұсыну құқығы болғандығын ерекше атап өтті. Алайда, олар бұл құқығын сол күйі пайдаланбаған.
«Оның себебі анық: Мамай да, Иманбаева да, олардың 3 адвокаты да ешбір кәсіби сараптамашы олардың соттағы мүдделері мен ұстанымына сәйкес қорытынды бермейтінін жақсы біледі», - деп түсіндірді заңгер.
Екіншіден, сотқа дәлелдемелер ұсынуға қатысты. Б.Байбек талап қоюшы ретінде Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның негізсіз долбарлары мен өтірік айыптауларын жоққа шығаратын қажетті барлық құжат пен фактілерді сотқа ұсыну бойынша өз құқығын пайдаланды.
«Сонымен қатар, біз ұсынған әкімдіктің 20 қаулысы мен басқа да ресми құжаттар Б.Байбектің Алматы әкімі лауазымында жұмыс істеген кезеңде қабылдаған шешімдерінің заңдылығын, олардың мемлекет пен қоғам мүддесіне бағытталғанын растайды. Жауапкерлер осы уақытқа дейін біздің дәлелдеріміз туралы тіс жармай, тіпті теріске де шығармай келеді.
Бұл материалдарға жасалған сілтемелердің барлығы 30 сәуірдегі талап-арызда келтірілген және Facebook-тегі менің парақшамда жарияланған», - деп тоқталды.
Ж.Мамай мен И.Иманбаева өздерінің тікелей міндеті екендігіне қарамастан, әлі күнге дейін сотқа бірде-бір дәлел ұсынбаған.
«Яғни, «журналистік зерттеу» деп атаған жалған айыптауларына екі ай болғанына қарамастан, жауапкерлер бірінші отырыста «дәлелдемелер жинауға қосымша уақыт ұсынуды» сұрағанын да еске сала кеткім келеді. Сот Азаматтық процестік кодекстің 166-бабына сәйкес 25 мамырға дейін мерзім бере отырып, өтініштерін қанағаттандырды. Алайда, жауапкерлер осы уақытқа дейін, яғни 1 маусымға дейін қандай-да бір растайтын құжаттар ұсынған жоқ, не нақты қарсылық білдірмеді», - дейді Айжан Тәшенова.
Заңгер Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның «журналистік зерттеуі» шыққаннан бері 50 күн өткенін, ал сотқа нақты талап арыз берілген күннен бері 33 күн өткенін ерекше атап өтті
«Осы кезең ішінде олар әртүрлі youtube-арналарға 12 видео және 4 сұхбат жариялап, онда «көптеген материалдар мен дәлелдемелер бар» дегенді қайталап айтудан танбады.
Мұның барлығы бір ғана дүниені, яғни Ж.Мамай мен И.Иманбаевада Б.Байбектің атына айтылған негізсіз және толықтай ойдан шығарылған айыптауларына бірде-бір дәлелдемелерінің жоқ екендігін білдіреді.
Сондықтан да жауапкерлер «өз абыройларын» қандай да болсын тәсілмен сақтау үшін жанталаса ілік іздеу арқылы сот процесін арзан қойылымға айналдырмақ болып, өздерін әділетсіз сот төрелігінің құрбаны етіп көрсетуге тырысып отыр. Бұған қоса олардың адвокаттары қисынсыз және мүлдем орынсыз талаптар қойып, талқылауды тақырыптан басқа жаққа бұрып, түрлі жолмен конструктивті пікірсайыстан қашып бағуда.
Соттың түсіндірме-хат жолдауына да тап осы жәйт себеп болды деп ойлаймын. Онда тараптардың процестік міндеттері және оны орындамаудан туындайтын салдарлар егжей-тегжейлі көрсетілген», - дейді заңгер.
Азаматтық процестік кодекстің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес дәлелдемені тараптар сот талқылауына дайындық сатысында ұсынады. Яғни Ж.Мамай мен И.Иманбаева Б.Байбекке қарсы айтылған айыптауларға тиісті дәлелдемелерді тікелей сот талқылауы басталғанға дейін ұсынуға міндетті. Маңызды себептерсіз материалдарды уақтылы ұсынбаған жағдайда, оларды сот қабылдамауы да мүмкін.
Үшіншіден, Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның талап-арыздың мазмұнын бұрмалау әрекеттеріне қатысты. «Жауапкерлер біздің шағымдарымыздың мәнін бұрмалап, Б.Байбек олардың бейнежазбаларында келтірілген айыптаулардың бір бөлігін ғана жоққа шығаруды талап етеді деп айтуда» деген Айжан Тәшенова іс жүзінде жауапкерлердің аталған бейнежазбадағы айыптаулары негізгі 3 бөліктен тұратынын нақтылап өтті:
- «Б.Байбек мафиялық-жемқорлық құрылым құрды..., Алматыда жерге және мемлекеттік мүлікке қатысты көптеген алаяқтық жасады»;
- «әкім болған 4 жылға жуық уақытта ... оның отбасының қаржылық жағдайы миллиард АҚШ долларынан асты»;
- «ол мемлекеттік бюджетті ұрлады, алаяқтық жасады және өз адамдары үшін бизнес ашты..., іс жүзінде үлкен бизнес-империяның қожайыны».
Жемқорлық схемасына «дәлелдеме» ретінде Ж.Мамай мен И.Иманбаева Қазақфильм, Атакент, Іле-Алатау ұлттық паркі, Әл-Фарабиден жоғары жақтағы алма бағы, Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдары жерлерін құрылыс жүргізу және тұрақ салу үшін жеке қолға берді, автобустар сатып алу кезінде миллиондар алды-мыс деген секілді қисынсыз мысалдар келтіреді.
«Біздің талап-арызымызда сыбайлас жемқорлық туралы олардың жалған мәлімдемелерінің өзегін құрайтын неғұрлым резонансты дәл осы мысалдар қамтылды.
Жоғарыда атап өткенімдей, біз қабылданған шешімдердің заңдылығы мен ашықтығын растайтын барлық дәлелді ұсындық. Яғни, сыбайлас жемқорлық туралы фактілердің барлығы толықтай ойдан шығарылған: сыбайлас жемқорлық схемалары да, миллиард та, оған қоса, бизнес империя да жоқ. Сондықтан да жауапкерлердің басқа барлық айыптаулары мән-мағынадан жұрдай!», - деді Айжан Тәшенова.
Заңгер Ж.Мамай мен И.Иманбаева айыптауларының әсіре абсурд екенін атап өтті.
«Елестетіп көріңізші, 1 млрд АҚШ доллары – бұл шамамен 430 млрд теңге, яғни Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары сияқты өңірлердің жылдық бюджеті! Жауапкерлердің үшінші тұлғалардың активтері туралы айтқандарына келсек, Б.Байбек 19 сәуірдегі сұхбатында нақты цифрлар мен фактілер келтіре отырып, оларды жария түрде жоққа шығарды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес талап қоюшы тек жеке өзінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін ғана қорғай алады. Басқаша айтқанда, Б.Байбек сотта өзге тұлғалардың, тіпті өз туыстарының да мүдделерін қорғай алмайды. Бұл құқық әрбір адамның жеке құзыретіне жатады», - деді Бауыржан Байбектің заңгері.
Заңгер Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның қалған барлық абстрактілі ойын тіпті қарастырмайтынын, өйткені оларды сотта қарау заң тұрғысынан мағынасыз, яғни талап-арызға негіз бола алмайтынын жеткізді.
«Атап айтқанда, «Б.Байбек құқық қорғау органдарына, соттарға, Орталық сайлау комиссиясына және т.б. ықпал етеді» деген шындыққа мүлдем жанаспайтын ғажайып мүмкіндіктерге қатысты айтқан сөздерін бар болғаны Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның «қияли сандырағы» ғана деп бағалаймыз.
Соңында айтарым, біз басынан бастап сот процесінің ашық, айқын және жария түрде болғанын қолдап келеміз. Жауапкерлердің істі тыңдаудың электрондық платформасын ауыстыру, бұқаралық ақпарат құралдарын (БАҚ), журналистер мен жұртшылықты қатыстыру жөніндегі барлық өтінішін жария түрде қолдадық. Заңнамаға сәйкес бұл туралы тиісті шешімдерді соттың өзі ғана қабылдайды», - деді Айжан Тәшенова.
Одан бөлек, Айжан Тәшенова келесі отырыстан бастап Facebook-тегі парақшасында онлайн-трансляция жүргізетінін айтты. Яғни оны кез келген адам көре алады. Сондай-ақ, әртүрлі алып-қашпа сөздерге жол бермеу үшін негізгі БАҚ-тарды, белгілі журналистерді және шетелдік дипмиссиялардың өкілдіктерін арнайы белгілемек (тегтеу).
«Осымен сот процесінің жариялылығы туралы мәселеге нүкте қойылып, жауапкерлер тікелей талап-арыз мәнін талқылауға мүмкіндік береді деп үміттенемін. Талқылау барысы туралы әрі қарай да хабардар етіп отырамын», - деді сөзін қорытындылап.