Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Азия чемпионатын алтынсыз аяқтады
Қыздар құрамасы 8 алтын иеленген болатын

Дубайда бокстан Азия біріншілігі соңына жетті. Бүгін финалда өнер көрсеткен қазақстандық бес боксшы да жеңіліп қалды.
49 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Даниал Сәбит өзбек боксшысы Нодиржон Мирзахмедовтен жеңілді. Төрешілер оған жеңісті бірауыздан берді.
Мирзахмедов бұған дейінгі Азия чемпионатында да жеңімпаз болғанын айта кету керек.
69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіповтің де жолын өзбек боксшысы кесті. Бобо-Усмон Батуровпен жұдырықтасқан жерлесіміз қабағынан жарақат алып, жекпе-жек бірінші раундта тоқтатылды.
75 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Әбілхан Аманқұл өзбек Саиджамшит Жафаровтан ұтылып қалды. Екінші раундта қазақ боксшысы қарсыласын нокдаунға жіберген. Үшінші раундта да Әбілхан өзбек боксшысынан басым көрінген еді. Алайда, төрешілер жеңісті Жафаровқа ұстатты.
Ал, Азия чемпионатының басты фавориті саналған Василий Левит (91 кг) Үндістан боксшысы Санжитке жеңілді.
Аса ауыр салмақта өнер көрсеткен Қамшыбек Қоңқабаев та Өзбекстан боксшысы Баходир Жалоловты жеңе алмады.
Айта кетейік, кеше Қазақстанның қыздар құрамасы Азия чемпионатында сегіз алтын медаль жеңіп алған еді.