$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.05.2021, 21:43
Жаңалықтар

Қазақстан шетелдегі отандастарымызға қолдау білдіреді – Дархан Қалетаев

Киевте Украина қазақтарының алғашқы құрылтайы өтті

Қазақстан шетелдегі отандастарымызға қолдау білдіреді – Дархан Қалетаев

26 мамыр күні Киевте Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Украина қазақтарының бірінші құрылтайы болып өтті. Шараны Қазақстан елшілігі мен қазақ диаспорасы ұйымдастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құрылтайдың негізгі мақсаты Украинадағы қазақ диаспорасының бірігуі, қазақи салт-дәстүрді, тұрмыс-тіршілікті, шетелде тұратын қазақтардың тілі мен мәдениетін сақтауға арналған қосымша шараларды құру бойынша тиісті жұмыстарды әзірлеу болды.   

Құрылтайға Украинаның әр түкпірінен келген қандастарымыз, қазақстандық жерлестер өкілдері, Украинаның меморгандар басшылары мен халық депутаттары қатысты. 

Шара барысында сөйлеген сөзінде Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаев құрамына студент жастар, Кеңес ақсақалдары мен өзге институт өкілдері кіретін Украина қазақтарының қауымдастығын құру бастамасын көтерді.     

«Қазақстан шетелдердегі қазақ диаспораларын белсенді қолдап, біріге жұмыс істеп келеді. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша «Отандастар» қоры құрылды және қазіргі уақытта жұмыс істеп жатыр. Ол қор Украинадағы қазақ диаспорасымен тікелей тығыз байланыста жұмыс істеп, ересектер мен балалаларға арналған қазақ тілін оқудың онлайн-курсын ұйымдастыруда, сондай-ақ, мәдени іскерлік және өзге де байланыстарды дамытып, нығайта түсуде», - деп атап өтті Д. Қалетаев.   

Елші сонымен қатар өткен жылдың қараша айында Киев қазақтарының «Достық» қоғамы мен «Отандастар» қоры біріге отырып, «Абай» мәдени-гуманитарлық орталығын ресми түрде ашқанына тоқталып өтті. Орталық Қазақстан мен Украинаның жеке және заңды тұлғалары арасындағы мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланыстарды кеңейтуге, дамытуға және нығайтуға арналған алаң болмақ.

Құрылтайда Украинаның этносаясат және ар-ождан еркіндігі жөніндегі мемлекеттік қызметтер өкілі Елена Богдан, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Украинаның халық депутаты Сергей Нагорняк, Киевтегі «Достық» қазақ мәдени қоғамының жетекшісі Данияр Егембердиев, Харьков қалалық «Бірлік» қазақстандықтардың ұлттық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Макка Қаражанова, қазақ диаспорасының өкілдері Рустем Жанғожа мен Украинаның еңбегі сіңген артисі Инеш Қыдырова сөз сөйледі.   

Қазақ диаспорасы активінің арқауы – жалпы міндеттерге қол жеткізуде негізгі күштерді біріктіру, қазақстандық-украиналық достық қарым-қатынасты нығайту мен одан ары дамыту қажеттіліктері болып отыр. 

Оның ішінде, Украинаның халық депутаты С. Нагорняк Қазақстанға бірнеше мәрте келу барысында қазақ халқының өзге этностарға жылы қарым-қатынасын сезінген атап өтті. «Қазақстанда әрқашан өзімді үйде жүргендей сезінемін» деді депутат.     

Құрылтай қатысушылары  Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты қазақстандықтарға және әлемдегі барлық отандастарға арналған жалпы үндеу қабылдады. Құжатта Қазақстанда жүргізіліп отырған саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық реформаларға қолдау білдірілді, бірегей ұлт ретінде мәңгі ұйыстыра алатын тарихи Отанмен арадағы үздіксіз рухани байланыс айрықша атап өтілді. Қайта құрылған Қауымдастықтың басшысы ретінде Киевтегі «Достық» қазақ мәдени қоғамының басшысы Данияр Егембердиев сайланды. 

Құрылтай аясында қазақ және украина шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Украинаның еңбек сіңірген артисі, жерлесіміз Инеш Қыдырова Роза Рымбаеваның «Атамекен» әнін орындады. Димаш Құдайбергеннің украиналық фан-клубы өз тарапынан қазақтың халық әні «Дайдидауды» украин тілінде шырқады. Бұдан өзге, «Туған жерім – Қазақстаным» және басқа да тақырыптарда картиналар, балалар суреттері көрмесі өтті. 

Елшілік «Air Astana» ұлттық әуе тасымалының Украинадағы аймақтық өкілдігімен бірге Құрылтай қатысушылары арасында Киев пен Қазақстанның кез келген қаласы бағыты бойынша екі авиабилет пен өзге де құнды сыйлықтарға ұтыс ойынын өткізді.

Серіктес жаңалықтары