«Мен ақша сұраған жоқпын»: Шөкеев бюджеттің игерілмеуін министрлерден көрді
Биыл игерілмеген бюджет қаражаты былтырғыдан 26 млрд теңгеге көп
Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин 2019 жылдың 11 айындағы бюджеттің атқарылуы бойынша әкімдер мен министрлердің есебін тыңдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, биыл аймақтарға бөлінген қаржының 54 млрд теңгесі игерілмей қалған. Соның 12 миллиарды Түркістан облысына тиесілі. Жиналыста осының себебін Асқар Мамин өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтен сұраған еді. Ол кей трансферттердің кешігіп жеткенін айтып, «мен бюджеттен ақша сұраған жоқпын» деп құтылды.
«Бізде бюджеттің 97,6 пайызы қазір игеріліп тұр. Игерілмеген 12 млрд болса, оның 10 млрд-ын қалай игеретімізді көріп тұрмыз. 2 млрд-ы Еңбек министрлігі арқылы қыркүйекте кеш түсті. 4 млрд – грант бюджеті, тағы 1,5 млрд қысқа мерзімді кәсіптік оқыту үшін жіберілді. Оны бізге қыркүйекте тастай салды. Енді қазір 4 млрд-тың 3 млрд-ын игердік, әйтеуір. Ал мемлекеттік грант бойынша 1 млрд-ты игере алмаймыз. Қысқа мерзімді оқыту бойынша тағы да 1 млрд. Сонымен, 2 млрд игерілмейін деп тұр. Енді ол біздің кінәміз емес», - деді Түркістан облысының әкімі.
Облыс бюджетіне кеш жеткен қаржыға байланысты Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов өз уәжін білдірді.
«Бұл – ұлттық қордың қаражаты. Грантқа 12 млрд теңге тамыз айында берілген. Қазір игерілмеуі қиын болып жатыр. Жалпы Ұлттық қордың 14, 9 млрд теңгесі игерілмейін деп тұр»,- деді ол.
Ал Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев ақшаның кеш бөлінгенін мойындап отыр. Бірақ ол кеш болса да, оқу гранты барлық жерге керек деп санайды. Айтуынша, мұндай проблема барлық облыстарда бар.
Дегенмен Түркістан облысының әкімі бәрібір де 1 млрд теңгені игеру мүмкін емес дегеннен тайған жоқ. Керісінше, бюджет қаржысы бойынша тағы бір проблемаға тоқталды.
«Арыс қаласы бойынша басқа облыстар резервтен 5,8 млрд теңгенің құжаттарын тапсырып, сол құжат қаржы министрлігінде тұрып қалды. Енді біз бюджеттік кодекс бойынша ол ақша игерілмесе, 20 желтоқсанда қайтаруымыз керек. Енді не істерімізді білмей отырмыз. 4-ақ күн қалды», - деді ол қаржы министрлігіне қарата.
А.Мамин бұл мәселе бойынша орынбасарлары Әлихан Смайылов пен Роман Склярға шұғыл тапсырма берді.
Жалпы, биыл бюджеттегі игерілмеген қаржы былтырғыдан 26 млрд теңгеге көп. Түркістан облысынан бөлек, Нұр-Сұлтан қаласы 8 млрд теңге, Шымкент 7 млрд теңге, Алматы 6 млрд теңге, Атырау мен Маңғыстау облыстары 3 млрд теңгені игермеген.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан