ШұғылҚазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны азайып келеді

Түркістаннан Ыстамбұлға тағы бір әуе компаниясының рейстері ұша бастады

Өткен жылдың 1 желтоқсанынан бері Түркістан әуежайынан 47 мыңға жуық жолаушы тасымалданды

 
Фото: zakon.kz

22 мамырда «Turkish Airlines» түрік әуе компаниясы Қазақстанның рухани астанасы Түркістан қаласынан Ыстамбұлға жаңа халықаралық тұрақты рейсті іске қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Turkish Airlines» әуе компаниясы осы рейстің ашылуын Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырды.

«Түркістан және Ыстамбұл қалалары арасында тұрақты әуе қатынасы эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына қарай кезең-кезеңімен ұлғая отырып, аптасына 1 рейс жиілігімен (сенбі) Б-737 типті әуе кемесінде орындалатын болады», - делінген Азаматтық авиация комитетінің баспасөз хабарламасында.

Билет құны 119 500 теңгеден басталады.

Алғашқы тұрақты рейс іске қосылған сәттен бастап (2020 жылғы 1 желтоқсан) Түркістан қаласының әуежайынан 160-тан астам рейс орындалып, 47 мыңға жуық жолаушы тасымалданды, рейстердің орташа коммерциялық жүктемесі 83%-ды құрады.

Азаматтық авиация комитеті мен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі туризмді дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда Түркістан қаласы әуежайынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау және Ыстамбұлға рейстер орындалуда және осы жылдың 2-ші жартыжылдығынан бастап түркі әлемінің рухани орталығы ретінде Түркістанды аптасына 50 рейс жиілігімен 10 облыс орталығымен (Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Талдықорған, Өскемен) қосу жоспарлануда.

«Түркістан қаласы әуежайы шетелдік әуе компаниялардың ұшуы үшін «ашық аспан» режиміне енгізілген, бұл оны ұшу географиясын кеңейту үшін тартымды етеді және шетелдік туристер ағынын тартуға ықпал етеді», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, биылғы 31 мамырдан бастап «Fly Arystan» әуе компаниясы Түркістаннан Бішкекке (Қырғызстан) жаңа рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Ташкентке (Өзбекстан) рейстің ашылуы қарастырылуда.

Рейстер санитарлық – эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компания сайтында жарияланған кестеге сәйкес орындалатынын атап өтеміз.